
«Sinool» мұнай базасында төтенше жағдайға жедел ден қою дағдыларын жетілдіруге бағытталған жаттығу жұмыстары жүргізілді. Өндірістік нысанда «Теміржол эстакадасында мұнай өнімдерінің төгілуі және өрт шығуы» тақырыбындағы кешенді іс-шараға Алматы қалалық Төтенше жағдайлар департаментінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік басқармасы, кәсіпорынның авариялық-құтқару құрылымдары мен өрт сөндіру қызметінің өкілдері тартылды. Жиынның басты мақсаты – персоналдың төтенше жағдайдағы іс-қимылын пысықтау, апаттың алдын алу және оның салдарын жоюға кәсіпорынның дайындығын арттыру. Тәжірибе барысында ведомствоаралық өзара іс-қимыл үйлестіріліп, қызметкерлердің алғашқы өрт сөндіру құралдарын пайдалану шеберлігі мен өндірістік қауіпсіздік талаптарын орындау деңгейі бағаланды. Қорытындылай келе, қатысушылардың әрекетіне талдау жасалып, авариялық жағдайға ден қою жүйесін жетілдіруге бағытталған нақты ұсынымдар әзірленді.