
Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаментінде өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бақылау және қадағалау субъектілерінің бірінші басшыларымен жұмыс кездесуі өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты – «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңына енгізілген өзгерістерді түсіндіру, оларды тәжірибеде қолдану тетіктерін талқылау, сондай-ақ сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл шараларын күшейту болды. Кездесу барысында заңнамаға енгізілген жаңашылдықтар жан-жақты қарастырылып, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы бақылау-қадағалау қызметінің ашықтығын, әділдігін және тиімділігін арттыруға бағытталған өзекті мәселелер талқыланды. Сонымен қатар, мемлекеттік инспекторлардың қызметтік міндеттерін заң талаптарына сәйкес адал, ашық әрі жауапкершілікпен орындауының маңыздылығы ерекше атап өтілді. Сыбайлас жемқорлық тәуекелдерінің алдын алу, құқықбұзушылықтарға жол бермеу және қызметтік әдеп нормаларын сақтау мәселелері де кеңінен қозғалды. Қатысушылар тарапынан қойылған сұрақтарға толық әрі нақты жауаптар беріліп, ұсыныстар назарға алынды.
Кездесу қорытындысы бойынша, сыбайлас жемқорлық сипатындағы құқықбұзушылықтар немесе заңсыз әрекеттер анықталған жағдайда, Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің, Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің, сондай-ақ Атырау облысының Төтенше жағдайлар департаментінің сенім телефондарына немесе 1424 Call-орталығына хабарласуға болатындығы жеткізілді. Аталған бағыттағы жұмыстар алдағы уақытта да жүйелі түрде жалғасады.