Өндірістік бақылау – өнеркәсiптік қауiпсiздiк талаптарының сақталуын қамтамасыз етуге бағытталған, өндірістік бақылау қызметінің лауазымды адамдары жүзеге асыратын қауiптi өндiрiстiк объектiдегі іс-шаралар.
Қауіпті өндірістік объектілері бар және (немесе) олардағы жұмыстарға тартылатын ұйымдардың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуына өндірістік бақылауды жүзеге асыру және ұйымның бірінші басшысына тікелей бағынатын өндірістік бақылау қызметін (бұдан әрі – ӨБҚ) құру міндеті «Азаматтық қорғау туралы» Заңның 16-бабының 3-тармағында көзделген.
Аталған Заңның 40-бабына сәйкес, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы өндірістік бақылауды қауіпті өндірістік объектілерді, қауіпті техникалық құрылғыларды пайдаланатын ұйымдарда өндірістік бақылау қызметінің лауазымды адамдары жұмыскерлерге, төтенше жағдай таралатын есепті аймаққа жататын халыққа, қоршаған ортаға қауіпті өндірістік факторлардың зиянды әсерінің тәуекелін бар мүмкіндігінше азайту мақсатында жүзеге асырады.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы өндірістік бақылаудың міндеттері болып мыналар табылады:
1) өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының орындалуын қамтамасыз ету;
2) өнеркәсіптік қауіпсіздікке мониторинг жүргізу;
3) өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етуге бағытталған шараларды талдау және әзірлеу;
4) жұмыстарды жүргізу қауіпсіздігін қамтамасыз етуге әсер ететін мән-жайлар мен бұзушылықтардың себептерін анықтау;
5) қауіпті өндірістік факторлардың объектілерге, адамдарға, қоршаған ортаға зақымдай отырып әсер етуінің алдын алуға бағытталған жұмыстарды үйлестіру;
6) қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланудың штаттық режимін және қауіпті техникалық құрылғылардың техникалық жай-күйін сақтау;
7) ғимараттарды, құрылысжайлар мен жабдықтарды пайдалануға дайын күйде күтіп-ұстау;
8) негізгі және қосалқы жабдықтарды жөндеу графиктерін сақтау.
ӨБҚ лауазымды тұлғасы ұйым басшысының бұйрығымен тағайындалады және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында өндірістік бақылауды жүзеге асырады. ӨБҚ лауазымды тұлғаларына қойылатын біліктілік талаптары нақты кәсіпорынның ерекшелігі, саласы мен қызметі ескеріле отырып, Басшылар, мамандар және өзге де қызметшілер лауазымдарының біліктілік анықтамалығына сәйкес қойылады. Қандай да бір нақты біліктілік талаптарын ұсыну көзделмеген.
Еңбек кодексінің 202-бабына сәйкес құрылатын еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау қызметі (ол да ұйымның бірінші басшысына тікелей бағынады) және ӨБҚ әртүрлі қызметтер болып табылатынын, әр түрлі жауапкершілік саласы мен міндеттері бар екенін ескеру қажет және функциялар мен міндеттерді біріктірмей тәуелсіз және жеке бөлімшелер ретінде жұмыс істеуі керек.
ЕҚжЕҚҚ қызметкерлердің еңбек қауіпсіздігі және еңбекті қорғау жөніндегі нормативтік құқықтық актілердің талаптарын сақтауына жауап береді. Оның қызметі көптеген мәселелерді қамтиды: еңбекті қорғау, санитарлық-эпидемиологиялық қауіпсіздік, энергетикалық, көлік және өрт қауіпсіздігі және басқа бағыттар.
ӨБҚ қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарын сақтауға ғана жауапты.
Қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланатын ұйымдардың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуына өндірістік бақылауды ұйымдастыру және жүзеге асыру тәртібі Төтенше жағдайлар министрінің 2021 жылғы 24 маусымдағы № 315 бұйрығымен бекітлген Қауіпті өндірістік объектіде өндірістік бақылауды ұйымдастыру және жүзеге асыру жөніндегі нұсқаулықта егжей-тегжейлі көрсетілген.
Нұсқаулықта өндірістік бақылауды жүзеге асыратын ұйымның лауазымды тұлғаларының өкілеттіктері, қызмет туралы ереженің мазмұны бойынша талаптар, өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының сақталуын ішкі тексерулерді жоспарлау және жүргізу, сондай-ақ олардың нәтижелері туралы есептерді дайындау және тіркеу, өндірістік бақылауды жүргізу нәтижелерін ресімдеу тәртібі көрсетілген. Пайдаланушы ұйымның құрылымдық бөлімшелері арасында өнеркәсіптік қауіпсіздіктің жай-күйі туралы ақпарат жинау, талдау, алмасу және оны қауіпті өндірістік объектілерде жұмыс істейтін қызметкерлерге жеткізу тәртібі келтірілген.
Өндірістік бақылауды жүргізу қорытындылары бойынша ұйымның іс-қимыл тәртібі, тексерулер жүргізу кестесінің нысандары және өндірістік бақылау журналы көрсетілген.
ӨБҚ лауазымды адамдары санының нормативтері Төтенше жағдайлар министрінің 2025 жылғы 13 қазандағы № 447 бұйрығымен бекітілген.
ӨБҚ лауазымды адамдарының жалпы санын қауіпті өндірістік объектіні пайдаланатын ұйым мынадай көрсеткіштерді ескере отырып қалыптастырылған есеп негізінде айқындайды:
1) пайдаланылатын қауіпті техникалық құрылғылар мен техникалық құрылғылардың саны;
2) субъектілердің (объектілердің) тәуекел дәрежесі;
3) қауіпті техникалық құрылғылар мен техникалық құрылғылардың тозу үлесі.
Субъектінің (объектінің) тәуекел дәрежесіне және тозу үлесіне қарамастан 51 бірліктен кем қауіпті техникалық құрылғылар мен техникалық құрылғыларды пайдаланатын ұйымдар инженерлік-техникалық қызметкерлер қатарынан кемінде 1 (бір) ӨБҚ лауазымды адамның болуын қамтамасыз етеді. Қауіпті техникалық құрылғылардың саны аз болған кезде және өндірістік бақылау жөніндегі маманның толық жүктелмеуін ескере отырып, міндеттерді қоса атқару көзделмеген.