
2026 жылғы 12 ақпанда ҚР Президенті жанындағы Орталық коммуникациялар қызметінде «Өнеркәсіптік қауіпсіздікті тексерудің жаңа механизмі» тақырыбында баспасөз конференциясы өтті. Спикер болып ҚР ТЖ вице-министрі Садырбаев Ерболат Алтынбекұлы сөз сөйледі.
Спикер 2025 жылы «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне азаматтық қорғау, электр энергетикасы және мемлекеттік мүлікті басқару мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының Заңы қабылданғанын айтты. Бұл заң өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік реттеуді едәуір күшейтеді.
Заңды іске асыру шеңберінде 39 нормативтік-құқықтық акті қайта қаралып, сәйкестікке келтірілді. Оның ішінде үш акт алғаш рет жарияланды. Бұл өндірістік бақылау қызметтерінің лауазымды тұлғалары санының нормативтерін бекіту туралы бұйрық; бұзылуы жедел ықпал ету шараларын қолдануға әкеп соғатын өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарының тізбесін бекіту туралы бұйрық; өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы тексеру актілері мен нұсқамалардың нысандарын бекіту туралы бұйрық.
Ең алдымен өнеркәсіптік қауіпсіздік Қазақстан Республикасы Кәсіпкерлік кодексінің қолданысынан шығарылды. Мемлекеттік бақылау мен қадағалауды жүзеге асырудың дербес тәртібі қалыптастырылды, ол 2026 жылдан бастап тікелей салалық заңмен — «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңымен реттелетін болады.
Тәуекелдің жоғары дәрежесіне жатқызылған субъектілер мен объектілер жыл сайынғы тексеруге жатады. Оларға өнеркәсіптік қауіпсіздікті міндетті түрде декларациялауға жататын қауіпті өндірістік объектілер, сондай-ақ дайындаушы зауыт белгілеген нормативтік қызмет мерзімін өтеген қауіпті техникалық құрылғыларды пайдаланатын объектілер жатады.
Сонымен қатар жоғары тәуекел дәрежесіне жатқызылмаған субъектілер үш жылда бір реттен жиі емес тексерілетін болады. Осылайша жаңа механизм барлық бақылау және қадағалау субъектілері мен объектілерін, бірақ ықтимал қауіптілік деңгейін ескере отырып, толық қамтуды қамтамасыз етеді.
Кәсіпкерлік субъектіні тексеру басталғанға дейін 30 күнтізбелік күн бұрын міндетті түрде хабардар ету туралы талап жойылғанын жеке атап өтемін. Енді хабарлама бір жұмыс күні ішінде жіберіледі. Бұл бақылау органдарына қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздіктің нақты жай күйінің объективті бейнесін алуға мүмкіндік береді.
Тексерулер өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз етудің бекітілген қағидалары негізінде жүргізілетін болады. Бұл ретте бақылау және қадағалау органдарына жоспарлы тексерулердің нәтижелері бойынша бұзушыларды әкімшілік жауаптылыққа тарту құқығы беріледі.
Екіншіден реттеушілік әсерге талдау жүргізу бойынша талаптар алынып тасталды — реттеушілік құралдар мен өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы талаптар енгізілгенге дейін де, енгізілгеннен кейін де. Бұл қауіпсіздік мүддесі үшін қажетті шараларды жедел қабылдауға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар өндірістік бақылауға маңызды рөл беріледі. Барлық бақылау және қадағалау субъектілері ұйымның бірінші басшысына тікелей бағынатын өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында өндірістік бақылау қызметтерін құруға міндетті.
Қауіпті өндірістік объектілер мен техникалық құрылғыларды қауіпсіз пайдалану мақсатында ұйымдарды нормативтік қызмет мерзімін өтеген жабдықты уақтылы жаңартуға міндеттейтін нормалар енгізілді. Бұл ретте өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органға тиісті жаңарту жоспарларын келісу бойынша құзырет беріледі.
Сондай-ақ кәсіби авариялық-құтқару қызметтерінің қызметіне қойылатын талаптар қатаңдатылуда. Атап айтқанда меншік құқығында мүліктің болуы бойынша талаптар белгіленген.
Сонымен қатар «Азаматтық қорғау туралы» Қазақстан Республикасының Заңынан өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы объектілік кәсіби авариялық-құтқару қызметі ұғымы алынып тасталды. 2027 жылдан бастап қауіпті өндірістік объектілерді пайдаланатын ұйымдардың өздері құрған барлық кәсіби авариялық-құтқару қызметтері тау-кен, газдан құтқару және фонтанға қарсы жұмыстарды жүргізу құқығына аттестаттаудан өтуге міндетті.
Жалпы қабылданған өзгерістер өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін жүйелі түрде арттыруға, авариялар және төтенше жағдайлардың алдын алуға, сондай-ақ мемлекеттік бақылау мен қадағалаудың тиімді, ашық және түсінікті жүйесін қалыптастыруға бағытталған.