
ТЖМ Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Р.Қ. Дубаевтың төрағалығымен Қостанай облысы Рудный қаласында «ССКБӨБ» АҚ базасында Комитет жанындағы консультативтік–кеңесші орган болып табылатын Жарылыс ісі жөніндегі кеңестің көшпелі отырысы өтті.
Жұмысқа Кеңес мүшелері, жарылыс жұмыстарын жүргізетін және өнеркәсіптік мақсаттағы жарылғыш материалдармен жұмыс істейтін ірі кәсіпорындардың басшылары мен мамандары, өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мемлекеттік инспекторлар қатысты.
Отырыс барысында Комитет өкілдері: қауіпті өндірістік объектілерде жарылыс жұмыстарын және өнеркәсіптік мақсаттағы жарылғыш материалдармен жұмыстарды жүргізетін өнеркәсіптік қауіпсіздікті қамтамасыз ету мәселелері бойынша нормативтік құқықтық актілерге өзгерістер мен толықтырулар енгізу; жарылыс жұмыстарын жүргізетін қауіпті өндірістік объектілердегі өнеркәсіптік қауіпсіздік жай-күйі; жарылыс ісі жөніндегі кеңес құрамындағы кадрлық өзгерістер мәселелері бойынша баяндамалар жасады.
Кеңесте өнеркәсіптік жарылғыш материалдарды электрондық есепке алудың бірыңғай жүйесін құру мәселесі бойынша презентация ұсынылды. «ССКБӨБ» АҚ Сарыбай және Қашар карьерлерінде жарылғыш материалдарды сынау кезінде тәжірибелік-өнеркәсіптік жарылыстар көрсетілді.
Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы заңнамалық базаны одан әрі жетілдіруге, жарылыс жұмыстарын және жарылғыш материалдармен жұмыстарды жүргізетін қауіпті өндірістік объектілердегі авариялылық пен өндірістік жарақаттануды азайтуға, сондай-ақ өнеркәсіптік жарылғыш материалдарды электрондық есепке алудың бірыңғай жүйесін құру жөніндегі жұмысты жалғастыруға бағытталған ұсынымдар мен ұсыныстар отырыс хаттамасына енгізілді.
Кеңес отырысының күн тәртібіне енгізілген мәселелерді қарау және талқылау қорытындылары бойынша 2026 жылға арналған мақсаттар мен міндеттер айқындалды.