Профилактикалық жұмыс барысында Ұлытау облысы ТЖД бастығы «Қазақмыс корпорациясы» ЖШС-ның өндірістік қауіпсіздік пен тәуекелдерді төмендету бағытындағы озық тәжірибесін жоғары бағалады.
Жасанды интеллект жүйелері орнатылған пилотсыз кешендердің тиімділігі ерекше атап өтілді. Бұл технологиялар тау-кен қазбаларын зерттеу кезінде персоналдың қауіпті аймақтарда болуын толығымен болдырмайды. Кешендер жерасты нысандарының жоғары дәлдіктегі 3D модельдерін жедел жасап, оларды талдайды және жарықтарды, геологиялық ауытқуларды, бекіткіштердегі ақауларды, сондай-ақ жобалық параметрлерден тыс өзге де бұзушылықтарды автоматты түрде анықтайды.
«Бұл тәжірибе өнеркәсіптік қауіпсіздікті түбегейлі күшейтеді. Біз оны үлгілі деп санаймыз және саланың басқа да кәсіпорындарында қолдануды ұсынамыз», - деп ТЖД бастығы Есен Байыров атап өтті.
Жасалған талдау нәтижелері бойынша жүйе бұзушылықтарды жоюға арналған ұсыныстарды қалыптастырады. Бұл тәсіл апаттарға тек реакция жасаудан гөрі, оларды алдын алуға көшуге мүмкіндік береді және өндірістік қауіпсіздік деңгейін айтарлықтай арттырады.