Бейне-конференц-байланыс форматында өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы кәсіби біліктіліктер жөніндегі Салалық кеңестің отырысы өтті. Отырысқа Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар вице-министрі Садырбаев Ерболат Алтынбекұлы, Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің төрағасы Дубаев Рашид Құлтайұлы, сондай-ақ Кеңес мүшелері қатысты.
Отырыс барысында Салалық кеңестің 2025 жылға арналған жұмыс жоспарын іске асыру қорытындылары қаралды, «Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы қызметтер» салалық біліктілік шеңберін өзектілендіру мәселелері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ғылым және жоғары білім министрлігімен бірлесіп жоғары оқу орындарында өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мамандарды даярлау бойынша білім беру бағдарламаларын дамыту қажеттілігі талқыланды. Отырыстың қорытындысы бойынша 2025 жылғы желтоқсан айында Кеңестің кезекті отырысын өткізу жоспарланды.
Салалық кеңес өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы 13 кәсіби стандартты өзектілендіріп, Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде орналастырғаны үшін Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінің қызметкерлеріне алғысын білдіріп, атқарылған жұмысты жеке атап өтті.
Салалық кеңес өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы ұлттық кәсіби біліктіліктер жүйесін дамыту, салалық біліктілік шеңбері мен кәсіби стандарттарды өзектілендіру, сондай-ақ сұранысқа ие мамандарды даярлау және Қазақстан Республикасындағы өнеркәсіптік қауіпсіздік деңгейін арттыру мақсатында мемлекеттік органдармен, жұмыс берушілермен және білім беру ұйымдарымен өзара іс-қимылды нығайту бойынша жүйелі жұмысты жалғастыратын болады.