2025 жылғы 16 шілдеде Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігінің Өнеркәсіптік қауіпсіздік комитетінде Қытай Халық Республикасының нарықты реттеу жөніндегі бас әкімшілігі (SAMR) және Қазақстан лифттерінің Ұлттық қауымдастығы өкілдерінің қатысуымен кеңес өтті.
Кездесу барысында тараптар қазандықтар, қысымды ыдыстар, лифтілер және жүк көтергіш механизмдер сияқты қауіпті техникалық құрылғылардың қауіпсіздігін қамтамасыз ету және мемлекеттік қадағалау саласында тәжірибе алмасты.
Қауіпсіздіктің заманауи стандарттарын әзірлеу және енгізу, сондай-ақ өнеркәсіптік деңгейде қауіпті техникалық құрылғыларды инспекциялау және бақылау процестерін оңтайландыру мәселелеріне ерекше назар аударылды. Тараптар реттеудің негізгі аспектілерін, сондай-ақ қадағалау іс-шараларының тиімділігін арттыру және өндірістік объектілерде және әлеуметтік инфрақұрылымда тәуекелдерді барынша азайту тетіктерін талқылады.
Кеңес қорытындысы бойынша екі тарап та өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы екіжақты байланыстарды нығайтудың маңыздылығын атап өтіп, одан әрі ынтымақтастыққа дайын екендіктерін білдірді. Апаттардың алдын алуға және екі елдің өндірістік объектілері мен әлеуметтік инфрақұрылымындағы қауіпсіздік жағдайларын жақсартуға бағытталған үздік тәжірибелермен алмасуға ерекше назар аударылды.