2025 жылдың 1 маусымынан бастап елімізде Президенттік жастар кадр резервіне кезекті іріктеу басталады
✓ Іріктеуге жасы 35-тен аспаған, жоғары білімі және 5 жыл жалпы жұмыс өтілі бар, мемлекеттік тілді В1 деңгейінен төмен емес меңгерген Қазақстан Республикасының азаматы қатыса алады.
✓ Іріктеу бірнеше кезеңнен тұрады және 2025 жылдың маусым-қазан айлары аралығында өтеді. Оның қорытындысы бойынша Резервке үздік 50 кандидат іріктелетін болады.
Резервке қабылданған күннен бастап 3 жыл ішінде резервшілер конкурстық іріктеуден өтпей тікелей түрлі мемлекеттік лауазымдарға тағайындалуы мүмкін.
Қатысуға өтінімді pkrezerv.gov.kz сайтында 1 – 30 маусым аралығында беруге болады.
САЙТҚА ҚАЛАЙ ТІРКЕЛЕДІ?
Ағымдағы жылдың 1 – 30 маусым аралығында қатысушы ЖСН және электрондық поштаны енгізу арқылы сайтта тіркеуден өтуі қажет.
Кандидаттың жасы тексерілгеннен кейін оған жеке кабинетте анкетаны толтыруға және қажетті құжаттарды жүктеуге мүмкіндік беріледі.
ІРІКТЕУГЕ ҚАТЫСУ ҮШІН ҚАНДАЙ ҚҰЖАТТАР ҚАЖЕТ?
Сайтқа тіркелу үшін келесі құжаттардың көшірмелерін жүктеу қажет:
жоғары білім туралы диплом
еңбек қызметін растайтын құжат (ҚР Еңбек кодексінің 35-бабына сәйкес)
мемлекеттік тілді B1 деңгейінен төмен емес меңгергенін растайтын әрі жарамды QAZAQ RESMI TEST немесе KAZTEST сертификаты
ПРЕЗИДЕНТТІК ЖАСТАР КАДР РЕЗЕРВІ
Сондай-ақ, тіркеу кезінде қатысушылар алты салалық бағыттың бірін таңдауы керек:
1. Инфрақұрылымды, өнеркәсіпті дамыту және сауда саясаты;
2. Агроөнеркәсіптік кешен және қоршаған ортаны қорғау;
3. Сыртқы саясат және инвестициялар;
4. Экономикалық және қаржылық саясат;
5. Цифрландыру;
6. Әлеуметтік саясат және азаматтық қоғам.
МЕМЛЕКЕТТІК ТІЛДІ БІЛУ ТУРАЛЫ СЕРТИФИКАТТЫ ҚАЛАЙ АЛУҒА БОЛАДЫ?
Өтінім беру кезінде мемлекеттік тілді меңгергені туралы жарамды мерзімі бар сертификат болмаған жағдайда кандидатқа берілген промокод арқылы Қазақстан Республикасы Ғылым және жоғары білім министрлігінің «Ұлттық тестілеу орталығы» ШЖҚ РМК-да мемлекеттік тілді меңгеру деңгейін бағалау жүйесі – ҚАЗТЕСТ бойынша сертификаттық тестілеуден немесе Қазақстан Республикасы Президентінің жанындағы Мемлекеттік басқару академиясының базасында «www.qrt.kz» QAZAQ RESMI TEST тестілеудің онлайн-сервисінде тестілеуден бір рет тегін өту мүмкіндігі беріледі.
QAZAQ RESMI TEST немесе ҚАЗТЕСТ-те тестілеуден өту үшін ұсынылған промокодты кандидат жеке өзі пайдалануы тиіс.
КЕРІ БАЙЛАНЫС
Тіркелу барысында сұрақтар туындаған жағдайда кандидат https://pkrezerv.gov.kz сайтындағы Jivo чат немесе +7 700 096 70 74 нөмірі бойынша қолдау қызметіне, сондай-ақ info@pkrezrv.gov.kz электрондық поштасына хат жолдау арқылы жүгіне алады.