Энергияға инвестиция: 2026 жылға дейін жаңартылатын энергия көздері бойынша алты жоба жүзеге асырылады

Энергияға инвестиция: 2026 жылға дейін жаңартылатын энергия көздері бойынша алты жоба жүзеге асырылады

Қостанай облысында энергиямен қамту жүйесін дамыту стратегиялық маңызға ие. Дәстүрлі энергия көздерімен қатар, жаңартылатын энергия көздеріне (ЖЭК) – жел, күн және газ энергиясына да ерекше көңіл бөлінуде.

Соңғы жылдары өңірде бірқатар ірі жобалар сәтті іске асырылды. Мысалы, 2022 жылы Қостанай ауданында қуаты 50 МВт болатын «Жел Электрик» компаниясының жел электр станциясы іске қосылды. 2023 жылы Арқалық қаласында қуаты 48 МВт болатын тағы бір жел станциясы – «KazWindEnergy» жобасы жұмысын бастады.

Алдағы екі жылда тағы алты ЖЭК нысанын салу жоспарланған. Бейімбет Майлин ауданында қуаты 22,6 МВт болатын күн электр станциясының құрылысы басталады. Жобаның инвесторы – «Altyn Solar Energy» ЖШС жобалауды аяқтап, сараптама қорытындысын алды. Құрылыс мамыр айында басталып, 2026 жылдың алғашқы тоқсанында аяқталады деп жоспарлануда.

Осы ауданда «ГПЭС «Варваринское» компаниясы қуаты 40 МВт болатын газ-поршеньді станция салатын болады. Бұл нысан 2026 жылдың екінші тоқсанында пайдалануға беріледі деп күтілуде.

Арқалықта «Aspan Energo» компаниясы қуаты 50 МВт болатын жаңа жел электр станциясының құрылысын бастады. Бұл нысан 2026 жылғы 1 маусымда пайдалануға беріледі.

Қостанай ауданында да екі ірі жоба қолға алынған. «Mars Wind» және «Jupiter Wind» компаниялары жалпы қуаты 100 МВт болатын екі жел станциясының құрылысын бастап кетті. Бұл нысандар 2026 жылдың соңында іске қосылады.

Сонымен қатар, осы ауданда жалпы қуаты 1 ГВт болатын, 165 жел генераторынан тұратын ірі жел паркін салу жоспарланған. Жобаны жүзеге асыру бойынша тендерде жеңімпаз – «TuranWindEnergy» компаниясы.

Барлық жобалар толық іске асқанда, өңірдегі ЖЭК-тен өндірілетін электр қуаты 10 есе артады – қазіргі 0,12 ГВт-тан 1,27 ГВт-қа дейін. Бұл Қостанай облысының энергетикалық дербестігін нығайтады, энергияны жеткізу кезіндегі шығындарды азайтады және жаңа жұмыс орындарын ашады.