Қостанай облысында көктемгі егіс науқанына дайындық пен аграрлық сектордағы инвестициялық жобалар белсенді іске асырылуда

Қостанай облысында көктемгі егіс науқанына дайындық пен аграрлық сектордағы инвестициялық жобалар белсенді іске асырылуда

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен өткен кеңейтілген әкімдік отырысында агроөнеркәсіптік кешеннің алдына қойылған маңызды міндеттер қаралды. Бұл міндеттер Мемлекет басшысының тапсырмаларына сәйкес айқындалған.

Президент аграрлық сектор үшін нақты мақсаттарды белгіледі: ауыл шаруашылығы өнімінің көлемін екі есе арттыру, еңбек өнімділігін үш есе ұлғайту және астықты терең өңдеу бойынша әлемдегі алғашқы он елдің қатарына ену. Бұл өршіл мақсаттар жүйелі тәсілді және саладағы барлық қатысушылардың бірлескен жұмысын талап етеді.

Егіс көлемін ұлғайту және топыраққа көңіл бөлу

Көктемгі егіс науқанының маңызды бағыттарының бірі – егіс алқаптарын әртараптандыру. Биыл Қостанай облысында майлы дақылдардың егіс көлемі 691 мың гектардан 755 мың гектарға дейін ұлғаяды. Бұл шешім ауыл шаруашылығының тұрақтылығын арттырып, өңірдің экспорттық әлеуетін күшейтеді.

Топырақтың құнарлылығын сақтау мен қалпына келтіруге айрықша назар аударылуда. 2025 жылы минералды тыңайтқыштарға берілетін субсидия көлемі 23%-ға артып, 10 млрд теңгені құрады.
– Жерді жай ғана пайдалану жеткіліксіз – оған дұрыс күтім жасау қажет. Топырақ құнарлылығы – бұл әрбір аграрийдің құқығы емес, міндеті, – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Тыңайтқыштарды уақытылы сатып алып, енгізу, жеңілдетілген дизель отынын жеткізу, сондай-ақ ауыл шаруашылығы техникасын жаңарту бойынша нақты тапсырмалар берілді. Өткен жылы өңірде техниканы жаңарту көрсеткіші 6,1%-ды құрады. Биыл бұл көрсеткішті арттыру жоспарлануда.

Аграрлық экономикаға инвестициялар

Агроэкономиканы дамыту мақсатында өңірде 52,5 млрд теңге сомасына 36 инвестициялық жоба жүзеге асырылуда. Соның нәтижесінде 600-ден астам жаңа жұмыс орны ашылады.

Аталған жобалардың ішінде алты сүт-тауарлы ферманың құрылысы ерекше орын алады. Бұл — 2028 жылға дейін іске асырылатын, 30 МТФ-ны қамтитын ірі бағдарламаның бір бөлігі. Жоба өңірде сүтті өңдеу көлемін едәуір арттырып, ішкі және сыртқы нарықтардағы позицияны нығайтуға мүмкіндік береді.

Тұрақты ауыл шаруашылығы – қауіпсіздіктің негізі

Ауыл шаруашылығының дамуы – бұл тек экономикалық емес, сонымен қатар өңірдің азық-түлік қауіпсіздігі мен тұрақты дамуының негізі. Облыс әкімдігі аграрийлерді қолдауға, инфрақұрылымды жаңғыртуға және ауыл шаруашылығына заманауи технологияларды енгізуге бағытталған жүйелі жұмыстарды жалғастырады.