Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапары аясында Арқалық қаласына барып, көлік, білім, мәдениет, экология және кәсіпкерлікті қолдау салаларындағы негізгі жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты.
Мемлекет басшысының тапсырмасы бойынша Арқалықта маңызды инфрақұрылымдық жобалардың бірі — әуежайды қалпына келтіру жұмыстары жүргізілуде. Жоба аясында терминал салынып, ұшу-қону жолағы, рулеж жолы мен перрон қайта жаңғыртылуда. Жалпы құны 8,3 млрд теңгені құрайды. Костанай – Арқалық – Қостанай, Астана – Арқалық – Астана, Алматы – Арқалық – Алматы бағыттарында әуе рейстерін ашу жоспарланған. Бұл өңірдің көлік байланысын едәуір арттырып, төтенше жағдайларда логистикалық дайындықты күшейтеді.
Қостанай облысы аумағы арқылы өтетін Жезқазған – Петропавл стратегиялық автожолының жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Ақмола облысының шекарасынан Ұлытау облысының шекарасына дейінгі учаске биыл толықтай нормативтік жағдайға келтіріледі. Ұлттық маңызы бар бұл жоба еліміздің оңтүстік өңірлерінен Астанаға дейінгі жолды 600 км-ге, ал Қостанай мен Петропавлға дейінгі жолды 450 км-ге қысқартуға мүмкіндік береді. Бұл еліміздің негізгі экономикалық орталықтары арасындағы байланысты жылдам әрі қауіпсіз етеді.
Бұдан бөлек, биыл Арқалық қаласында және жақын орналасқан елді мекендерде 42 шақырым автожол мен 51 көше жөнделеді. Бұл мақсатқа 2,4 млрд теңге бөлінді.
«Жайлы мектеп» ұлттық жобасы аясында Арқалықта 300 оқушыға арналған заманауи мектеп салынып, пайдалануға берілді. Мектеп STEM-зертханамен, робототехника кабинетімен, спорт алаңымен және демалыс аймағымен жабдықталған. Жобаның жалпы құны — 2,6 млрд теңге. 61 жұмыс орны ашылды, оның 39-ы — педагогикалық. Мектеп қаладағы оқушы орындарының тапшылығын толық жапты.
Биыл 540 адамға дейін күнделікті қызмет көрсетуге арналған Мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталады. Жобаға 1,2 млрд теңге бөлінді. Нысанды мамыр айында пайдалануға беру жоспарланып отыр. Жаңартылған Мәдениет үйі қаланың қоғамдық және мәдени өмірінің маңызды орталығына айналады.
Экологиялық тәрбие мен көгалдандыру мәселелеріне ерекше көңіл бөлінуде. «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында 2024 жылы Арқалықта 5000-нан астам ағаш пен 10 000 гүл көшеті отырғызу жоспарланған. Облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың айтуынша, қаланың экологиясы мен тазалығы — баршаға ортақ жауапкершілік, бұл бағытта белсенді жастар маңызды рөл атқарады. Қоршаған ортаға деген қамқорлық олар үшін өмір салтына айналып келеді.
Сапар аясында Арқалық педагогикалық институтына университет мәртебесінің берілуі де маңызды оқиға болды. Жаңа мәртебе магистратура, болашақта докторантура бағдарламаларын іске асыруға мүмкіндік береді. Журналистика, ақпараттық технологиялар, экономика, ауыл шаруашылығы сияқты жаңа білім беру бағыттарын ашу жоспарланған. Студенттер саны 5000 адамға дейін өседі деп күтілуде. Бұл қаланың ғылыми және білім беру әлеуетін айтарлықтай арттырады.
Шағын және орта бизнесті қолдау мақсатында Арқалықта 1% жылдық мөлшерлемемен жеңілдетілген несиелер беретін «Бизнес-Көмек» өңірлік бағдарламасы табысты жұмыс істеуде. Бүгінге дейін жалпы сомасы 506 млн теңге болатын 11 жоба мақұлданды, оның ішінде 425 млн теңгеге 9 несие берілді. Жүзеге асырылып жатқан жобалардың қатарында асфальтбетон зауытының іске қосылуы және ұсақтау кешенінің орнатылуы бар. Бұл нысандар жол құрылысын арзандатып, инфрақұрылымдық жобаларды жеделдетуге мүмкіндік береді.
Сапар барысында Құмар Ақсақалов: «Арқалық – бұл енді жай ғана картадағы нүкте емес, болашақ өсімнің, ғылымның, өндіріс пен мәдениеттің орталығы. Біз қаланың дамуына жаңа негіз қалыптастырып жатырмыз. Бұл – нақты әрі сезілетін жаңғыру», — деп атап өтті.