Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Қарабалық ауданындағы бірқатар нысандардың жұмысын тексеріп, ауылдық аумақтарды дамыту бағытындағы жұмыстардың барысын бақылауға алды. Ол Новотроицкое ауылында жаңадан ашылған 600 бас ірі қараға арналған сүт-тауарлы ферманы аралап, жаңғыртудан өткен фельдшерлік-акушерлік пункттің қызметімен танысты. Сондай-ақ «Poultry Agro» құс фабрикасының өндірістік үдерісін бағамдады.
Өңір басшысы Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес ауылды кешенді дамытуға басымдық беріліп жатқанын атап өтті. Бұл – агроөнеркәсіптік кешенді қолдау, инфрақұрылымды жаңарту және елді мекендерді абаттандыру арқылы іске асуда.
– Қазіргі ауылда өмір сүруге, еңбек етуге және дамуға барлық жағдай жасалуы тиіс. Бұл – Президент қойған міндеттердің бірі. Біз бұл тапсырмаларды кезең-кезеңімен іске асырып келеміз, – деді Құмар Ақсақалов.
Новотроицкое ауылындағы сүт-тауарлы ферма – облыста мал шаруашылығын дамытуға бағытталған кешенді бағдарламаның бір бөлігі. 2028 жылға дейін өңірде осындай 30 ферма салу жоспарланған. Қарабалық ауданындағы жаңа кәсіпорын 30 адамды тұрақты жұмыспен қамтып, жылына 5 мың тоннадан астам сүт өндіреді. Жобаның инвестициялық көлемі – 2,7 млрд теңге.
Облыс әкімі азық-түлік қауіпсіздігін қамтамасыз ету үшін отандық өндірісті ұлғайтып, өнімді жергілікті жерде өңдеу қажеттігін баса айтты.
– Ауыл шаруашылығы өнімдері қай жерде өсірілсе, сол жерде өңделуі тиіс. Бұл – импортқа тәуелділікті төмендетіп, тұрақтылыққа бастайтын жол, – деді ол.
«Poultry Agro» құс фабрикасында әкім кәсіпорынның толық өндірістік циклін, өнім түрлерін және экспорттық әлеуетін бағалап, жұмыс барысын саралады. Құс етінің 10-нан астам түрі ішкі және сыртқы нарықтарға жөнелтіледі. Фабрика 300-ге жуық адамды жұмыспен қамтып отыр.
Медициналық қызмет көрсету сапасы да назардан тыс қалмады. Новотроицкое ауылындағы 455 тұрғынға қызмет көрсететін ФАП толық жөндеуден өтіп, бүгінде 4 медицина қызметкері жұмыс істейді. Бұл жоба – «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы аясында жүзеге асқан ондаған нысанның бірі.
Сондай-ақ, Құмар Ақсақалов «Таза Қазақстан» акциясы аясында ауылды абаттандыру жұмыстарының барысын бағалап, жергілікті фермерлерді ауыл өміріне белсене араласуға шақырды. Әкім оларды әлеуметтік жауапкершілік танытып, тұрғындарға көмек көрсетуге және жайлы орта қалыптастыруға атсалысуға үндеді.