Бүгін Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов «KamLitKZ» ЖШС-не барып, өңірдегі ірі индустриялық жобалардың жүзеге асырылу барысымен танысты. Өткен жылы мұнда шойын құю зауыты іске қосылған болатын, ал қазір екінші зауыттың құрылысы аяқталуға жақын. Бұл кәсіпорын жүк көліктеріне арналған жетекші белдік редукторларын шығаратын болады.
«Бұл – өңірдегі машина жасау кластерін дамытудағы маңызды қадам. Өндіріс заманауи, жоғары технологиялық өнім шығаруға бағытталған. Ол тек Қазақстанда ғана емес, шетелде де сұранысқа ие болады. Бұл жоба жаңа жұмыс орындарын құруға және өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді», – деп атап өтті Қостанай облысының әкімі.
Ірі инвестициялар және жаңа жұмыс орындары
«KamLitKZ» жобаларына салынған инвестиция көлемі 238 млрд теңгеден асады:
•78,2 млрд теңге – 2024 жылдың қарашасында іске қосылған шойын құю зауытына жұмсалды.
•82,5 млрд теңге – 2025 жылы пайдалануға берілетін жетекші белдік редукторларын шығаратын зауыт құрылысына бағытталған.
•78 млрд теңге – 2025 жылы жүзеге асырылатын «Балка локализациясы» жобасына инвестицияланды.
Осы жобалар аясында 1150 жаңа жұмыс орны ашылады:
✅ 500 жұмыс орны – шойын құю зауытында;
✅ 550 жұмыс орны – жетекші белдік редукторларын шығаратын зауытта;
✅ 100 жұмыс орны – «Балка локализациясы» жобасы бойынша.
Кәсіпорында жұмысшылардың орташа жасы – 27 жас, негізінен жастар еңбек етуде. Кадрлар жергілікті оқу орындарының, соның ішінде Қостанай автожол колледжінің базасында даярланады.
Заманауи технологиялар және халықаралық нарыққа шығу
Жаңа зауыт жылына 74 мың жетекші белдік редукторын шығаруды жоспарлап отыр. Өндіріс прецизионды қалыптау технологиясына негізделген, бұл бөлшектердің беріктігі мен ұзақ мерзімділігін қамтамасыз етеді. Барлық жабдық Италия, Испания және Германияның жетекші еуропалық өндірушілерінен алынған.
«KamLitKZ» өнімдері ТМД және Еуропа нарығына бағытталған, бұл өңірдің экспорттық әлеуетін кеңейтуге мүмкіндік береді.
Машина жасау саласын дамыту – Қостанай облысы үшін басым бағыттардың бірі. Жаңа жобалар, жұмыс орындары және озық технологияларды енгізу өңірдің өнеркәсіптік қуатын арттырып, экономикалық өсімге серпін береді.