2025 жылдың 1 сәуірі күні облыс әкімі Калгари (Канада) қаласында өткен шорт-тректен жасөспірімдер арасындағы Әлем чемпионатының күміс жүлдегерлері Полина Омельчук, Анастасия Галечинамен кездесті. Кездесуге Қостанай облысы әкімдігі дене шынықтыру және спорт басқармасының басшысы да қатысты.
Бұдан бөлек Анастасия Галечина Калгаридағы чемпионатта 2000 метрлік эстафетадан қола жүлдені иеленсе, Полина Омельчук 2024 жылғы жасөспірімдер арасындағы Олимпиадада қола медаль алды.
Осы жылы қысқы спорт түрлерінен облысымызда ауыз толтырып айтарлықтай жаңалықтар көп.
Оның қатарына Қытайда өткен IX қысқы Азия ойындарында шорт-тректен жүлдегер Глеб Ивченко мен шаңғы жарысынан қола жүлдеге ие болған Наиль Башмаков, Владислав Ковалевты айта кету керек.
Әкім спортшыларымыздың жаттықтырушылары Анатолий Галечин, Илья Коробейников, Николай Федоренкоға алғысын білдіре отырып, жас шорт-трекшілердің нәтижелерімен мақтанатынын айтты.
«Соңғы жылдары жерлестеріміз жоғары деңгейде өнер көрсетіп жүргендігі қуантады. Алда Миланда қысқы Олимпиада өтеді. Әрдайым лицензия мен жүлделерге таласуға мүмкіндігі бар спортшыларымызды қолдаймыз»,-деді әкім өз сөзінде.