Қостанай облысында су тасқыны жағдайы бойынша жедел штаб отырысы өтті

Қостанай облысында су тасқыны жағдайы бойынша жедел штаб отырысы өтті

Қостанай облысында су тасқыны кезеңінің қауіпсіз өтуі бойынша жұмыстар жалғасуда. Бүгін облыс әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен жедел штабтың кезекті отырысы өтіп, онда өзекті мәселелер қаралып, қажетті шешімдер қабылданды.

Қазіргі уақытта өңірде ауқымды іс-шаралар жүргізілуде: суды тәулік бойы сору жұмыстары жалғасуда, соңғы тәулікте 20 мың текше метр су сорылды. Елді мекендерді қорғау мақсатында 12 мың қап құм төселді, 8,7 км арық пен канал тазартылды, жағалауларды нығайту және айналасын қазу жұмыстары жүргізілуде.

Облыстық автожолдарда төрт судың тасуы және екі жол жиегінің шайылу оқиғасы тіркелді. Көлік қозғалысын қалпына келтіру жұмыстары жедел түрде атқарылуда. Ерекше назар судың деңгейі жоғары учаскелерге, соның ішінде Новоселовка ауылындағы Құндызды өзеніне аударылуда. Мұнда жағдай тұрақты бақылауда, ал қажет болған жағдайда эвакуациялық шаралар қабылданатын болады.

Облыс әкімі барлық қызметтердің үйлесімді жұмысын қамтамасыз ету қажеттігін атап өтіп, келесі негізгі міндеттерді белгіледі:
• Елді мекендердегі өзендер мен еріген қар сулары деңгейін бақылау;
• Жолдарды су шайып кеткен жағдайларда көлік қатынасын жедел қалпына келтіру;
• Малдың қауіпсіз жерлерге айдалуын ұйымдастыру және ауыл шаруашылығы жануарларын сәйкестендіру;
• Су ағатын арналар мен су өткізу құбырларын қар мен қоқыстан тазарту, аулаларды ретке келтіру;
• Жанар-жағармай, азық-түлік, дәрі-дәрмек және басқа да қажетті заттардың қорын қамтамасыз ету.

Сонымен қатар, Төтенше жағдайлар департаментіне су тасқыны жағдайлары орын алған кезде жедел әрекет ету, суды сору жұмыстарын жалғастыру және халықпен түсіндіру жұмыстарын жүргізу тапсырылды. Полиция департаментіне су басқан жол учаскелерінде тәулік бойы кезекшілік ұйымдастыру және тұрғындарға жан-жақты көмек көрсету міндеттелді.

Құмар Ақсақалов барлық қажетті шаралардың уақтылы қабылданып жатқанын, жағдайдың бақылауда екенін және басты мақсат – су тасқынының салдарын барынша азайтып, халықтың қауіпсіздігін қамтамасыз ету екенін атап өтті. Жұмыстар тәулік бойы жалғасуда.