Қостанай облысында өңір әкімі Құмар Ақсақалов пен WEINENGDA IMPORT AND EXPORT (HUBEI) CO., LTD компаниясының өкілдері арасында кездесу өтті. Қытай тарапынан компанияның вице-президенті Ли Шан Фин ханым қатысты. Келіссөздер барысында Бейімбет Майлин ауданына қарасты Тобыл кентінде вагон жөндеу депосын салу мүмкіндігі талқыланды.
Құмар Ақсақалов Қостанай облысының үш негізгі бағытта дамып келе жатқанын атап өтті:
•автомобиль өнеркәсібі,
•қара металлургия,
•ауыл шаруашылығы өнімдерін қайта өңдеу.
Бұл салаларды тиімді дамыту үшін заманауи көлік-логистикалық инфрақұрылым қажет. Егер жоба жүзеге асса, вагон жөндеу депосы өңірдің теміржол жүйесінде маңызды буынға айналып, жылжымалы құрамды техникалық жөндеумен қатар, теміржол көлігіне арналған қосалқы бөлшектерді өндіруді қамтамасыз ететін болады.
Қостанай облысы өз индустриялық әлеуетін нығайтып, стратегиялық маңызы бар жобаларға инвесторларды белсенді түрде тартуды жалғастыруда. Қытайлық серіктестермен ынтымақтастық мәселелері талқылану үстінде, ықтимал әріптестіктің шарттарын егжей-тегжейлі пысықтау жұмыстары жүргізілуде.
Өңір басшылығы жаңа жұмыс орындарын құратын, облыс экономикасын нығайтып, оның инвестициялық тартымдылығын арттыратын заманауи өнеркәсіптік және инфрақұрылымдық нысандарды дамытуға мүдделі.