Қостанай облысында «Көктем-2025» командалық-штабтық оқу-жаттығуларының екінші кезеңі өтуде

Қостанай облысында «Көктем-2025» командалық-штабтық оқу-жаттығуларының екінші кезеңі өтуде

Бүгін, 6 наурызда, Қостанай облысында және еліміздің тағы сегіз өңірінде «Көктем-2025» республикалық командалық-штабтық оқу-жаттығуларының екінші кезеңі басталды. Олардың басты мақсаты – азаматтық қорғау органдарының көктемгі су тасқыны кезеңінде төтенше жағдайларға дайындығын бағалау және барлық қызметтердің үйлесімді іс-қимылын пысықтау.

Оқу-жаттығуларды үйлестіру жөніндегі республикалық штаб Қостанай қаласында орналастырылды. Операцияны ҚР Төтенше жағдайлар вице-министрі, полковник Рамиль Камалов басқарады. Оқу-жаттығулар басталысымен азаматтық қорғау құрылымдарының күштері мен құралдарын дайындыққа келтіру туралы белгі берілді. Өңірлерге азаматтық қорғау қызметтері мен жергілікті атқарушы органдардың жедел әрекет етуін талап ететін тапсырмалар жолданды.

Негізгі назар – алдын алу және жедел әрекет ету шараларына

Көктемгі су тасқыны қаупін барынша азайту мақсатында алдын алу шараларына ерекше көңіл бөлінуде. Елді мекендерде қар шығару, қорғаныс бөгеттерін нығайту, су өткізу және арық жүйелерін тазарту жұмыстары жүргізілуде. Қауіпті аймақтарда қажетті инертті материалдар дайындалуда.

Қостанай облысының аумағында төтенше жағдайлардың салдарын жою бойынша тактикалық жаттығулар өтті. Құтқарушылар, өрт сөндірушілер және коммуналдық қызметтер әртүрлі төтенше жағдайларға ден қою бойынша іс-қимылдарды пысықтады.

Оқу-жаттығулар сценарийіне сәйкес, Қостанай қаласындағы сауда үйлерінің бірінде қысқа тұйықталу салдарынан шартты өрт шығып, жарылыс болды. Өрт сөндіру бөлімшелері жедел жетіп, барлау жұмыстарын жүргізді және өртті оқшаулады. Құтқару операциясы барысында ғимараттан шартты зардап шеккендер эвакуацияланды.

Тағы бір тактикалық жаттығу Тобыл өзенінде өтті. Мұз астына екі балықшы түсіп кеткен жағдайда құтқарушылар оларды арнайы құралдар арқылы судан алып шықты. Сондай-ақ, мұз астына батқан автокөлікті қауіпсіз жерге шығару бойынша жұмыстар жүргізілді. Бұдан бөлек, инженерлік бөлімшелер қорғаныс бөгетін тұрғызып, жағаны нығайту үшін құм толтырылған қаптар төседі және мұз кептелістерін жою мақсатында бақыланатын жару жұмыстарын ұйымдастырды.

Су тасқыны кезеңіне дайындық – бақылауда

«Көктем-2025» оқу-жаттығулары барлық құрылымдардың төтенше жағдайларға дайындығын тексеруге мүмкіндік береді. Қостанай облысында су тасқыны жағдайы күрделенген жағдайда жұмылдырылатын күштер мен құралдар топтамасы жасақталды. Эвакуациялау бағыттары анықталып, шұғыл әрекет ету жоспарлары әзірленді.

Командалық-штабтық оқу-жаттығулар тек Қостанай облысында ғана емес, бүкіл ел аумағында өтуде. Олардың негізгі мақсаты – көктемгі су тасқыны кезеңінде халықтың қауіпсіздігін барынша қамтамасыз ету, ықтимал қауіп-қатерлерді азайту және барлық қызметтердің тиімді өзара іс-қимыл механизмдерін қалыптастыру.