Қостанай облыстың экономикасында жетекші орын алып, өмір сүру сапасын арттыру бағытында қарқынды дамып келеді. Қалада тұрғын үй құрылысы, инфрақұрылымды жаңғырту, абаттандыру, көлік жүйесін дамыту және цифрландыру жұмыстары жүйелі түрде жүргізілуде.
Экономикалық даму және жұмыспен қамту
Қостанай облыс өнеркәсібінің 57%-ын қамтамасыз ете отырып, өңір экономикасының көшбасшысы болып табылады. Мұнда облыстың шағын және орта бизнес субъектілерінің 50%-ы шоғырланған, бұл кәсіпкерліктің дамуына және жұмыспен қамтуға оң әсерін тигізуде.
2024 жылдың қорытындысы бойынша 6,7 мың жаңа жұмыс орны ашылып, оның 88%-ы тұрақты жұмыс орны болды. Қаланың 2025 жылға арналған бюджеті 154,1 млрд теңгені құрап, өткен жылмен салыстырғанда 7%-ға артты. Бұл қаражат қалалық инфрақұрылымды одан әрі дамытуға, бизнесті қолдауға және әлеуметтік бағдарламаларды іске асыруға бағытталмақ.
Тұрғын үй құрылысы және абаттандыру
2024 жылы Қостанайда 332 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 4 мыңнан астам отбасы жаңа баспанаға ие болды. Облыс бойынша салынған тұрғын үйлердің 67%-ы Қостанай қаласына тиесілі.
Қаланың сәулеттік келбеті мен жайлылығына ерекше назар аударылуда. Жаңа аудандарда жолдардың кеңейтілуі мен автотұрақ орындарының көбеюі қарастырылуда. 2024 жылы 40 көпқабатты тұрғын үйдің қасбеттерін күрделі жөндеуден өткізу жоспарланған.
Қоғамдық кеңістіктерді абаттандыру жұмыстары жалғасуда. Триатлон паркі, «Шағала» жағалауы, Орталық саябақ қайта жаңартылуда. Теміржол вокзалы, ауыл шаруашылығы институты (СХИ), Орталық стадион аумақтарында абаттандыру жұмыстары жүргізілуде. Сонымен қатар, Құнай шағын ауданында жаңа саябақ салынады.
Инфрақұрылым және көлік жүйесі
2024 жылы жол жөндеу жұмыстарына 6 млрд теңге бөлінді, бұл өткен жылмен салыстырғанда 30%-ға артық. Жалпы ұзындығы 40 шақырымды құрайтын 66 көше жөндеуден өтеді. Биыл Сьянов көшесінің қайта жаңғырту жұмыстары аяқталып, Нариманов, Фролов және Баймағамбетов көшелерін жөндеу жоспарланған.
Қоғамдық көлікті жаңарту жұмыстары жалғасуда:
• Соңғы жылдары 113 жаңа автобус сатып алынып, тағы 28 автобус лизингке алынды.
• 71%-ы – 7 жылға дейінгі жаңа автобустар.
• Барлық автобустар электрондық билеттеу және GPS-трекерлермен жабдықталған.
• 82%-ында мүмкіндігі шектеулі азаматтар үшін пандустар орнатылған.
Қала тұрғындары үшін көлік күту жағдайын жақсарту мақсатында 2023 жылы 26 жаңа аялдама павильоны, оның ішінде 11 жылы аялдама орнатылды. 2024 жылы тағы 35 жаңа аялдама, оның ішінде 3 жылы аялдама орнатылады.
Әлеуметтік сала
Қостанайда білім беру инфрақұрылымы кеңейіп келеді. Аэропорт және Береке шағын аудандарында 2 жаңа мектеп ашылды. 2024 жылдың соңына дейін тағы 2 мектеп ашылып, қосымша 1 880 оқу орны қамтамасыз етіледі.
Соңғы екі жылда қалада 5 балабақша іске қосылып, мектепке дейінгі білім беру мекемелеріне қолжетімділік арта түсті.
Дене шынықтыру және спорт саласында жаңа нысандар салынып жатыр. Юбилейный шағын ауданында жүгіру жолдары мен сквері бар спорттық-сауықтыру кешені ашылды. «Еңбек резервтері» спорт кешенінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын. Сонымен қатар, аквапарк пен үстел теннисі орталығының құрылысы басталды. Мүмкіндігі шектеулі азаматтарға арналған дене шынықтыру-сауықтыру кешенін салу жобасы әзірленуде.
Цифрландыру
Интернетке қолжетімділікті кеңейту – басты басымдықтардың бірі. 2025 жылы Beeline Қазақстан компаниясымен бірлесіп, халық тығыз орналасқан аймақтарда 10 жаңа байланыс мұнарасы орнатылады. Бұл Береке, Юбилейный және жаңа тұрғын аудандарда мобильді байланыстың сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
5G желісін дамыту жұмыстары жалғасуда. Қазіргі таңда Қостанайда 26 базалық станция іске қосылған, 2025 жылдың соңына дейін олардың саны 48-ге дейін артады.
Даму келешегі
Қостанайдың әлеуметтік-экономикалық дамуы жоспарлы түрде жүзеге асуда. Қаладағы экономикалық өсім, инфрақұрылымды жаңарту, жайлы қалалық орта қалыптастыру және цифрлық технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар жалғасын табады.