Бірлескен жоба: шалғай аудандарда баспана тұрғызылмақ

Бірлескен жоба: шалғай аудандарда баспана тұрғызылмақ

Қостанай облысының әкімдігі мен "Қазақстан халқына" қоғамдық қоры су тасқынынан қатты зардап шеккен Қостанай облысының Жангелдин және Амангелді аудандарында тұрғын үйлер салу туралы Меморандумға қол қойды.
Айта кету керек, бұл аудандар облыс орталығынан 700 шақырым қашықтықта орналасқан. Осыған қарамастан, "Қазақстан халқына" қоры осы екі ауданда үй тұрғызу туралы шешім қабылдады. Қор үшін бұл облыс орталығынан осындай қашықтықта жүзеге асырылатын алғашқы жоба екенін айта кеткен жөн.
Жергілікті құрылыс компаниялары, сондай-ақ құрылыс материалдарын тасымалдауға қажетті ірі техника иелері үйлердің құрылысына жәрдемдесуге дайын.
Қор қаражаты есебінен апаттан зардап шеккен тұрғындар үшін 100-ге жуық үй салынады. Үйлер жергілікті атқарушы органдар әзірлеген үлгілік жоба бойынша салынатын болады.
"Бүгінгі таңда су тасқынынан кейінгі маңызды мәселелердің бірі тұрғын үйді қалпына келтіру", - деп атап өтті Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов. – "Жаңа үйлер салуға қаражат бөлгені үшін "Қазақстан халқына" қорына алғысымды білдіремін".
Мемлекет басшысының тапсырмасына сәйкес су тасқыны салдарын жоюға еліміздің ірі кәсіпкерлері мен қоғамдық қорлары тартылды. Олар жаңа тұрғын үй салуға көмектеседі немесе зардап шеккендерге екінші нарықтан тұрғын үй алуға жәрдемдеседі.
" Меморандум құрылыс жұмысының ашықтығын қамтамасыз ете отырып, қысқа мерзімде баспанамен қамтамасыз етуге бағытталған.", - деді «Қазақстан халқына» Қоғамдық Қоры Басқарма төрағасының орынбасары Ләззат Шыңғысбаева.
Табиғи апаттан зардап шеккен аудандарда жергілікті атқарушы органдар зиянды бағалау және құрылыс туралы қажетті қорытындылар дайындау бойынша жұмыс жүргізуде. Бұған болашақта су басу қаупі жоқ аймақтардағы жаңа үйлер үшін жер учаскелерін бөлу, сондай-ақ инженерлік-коммуникациялық инфрақұрылымды дайындау кіреді.
" Мемлекет басшысы айтқан уақытқа дейін зардап шеккендердің барлығы да баспанамен қамтамасыз етілетін болады", - деп қорытындылады облыс әкімі.