Наурыз мейрамы құтты болсын!

Наурыз мейрамы құтты болсын!

Құрметті қостанайлықтар!

Сіздерді ұлтымыздың ең ұлық мерекесі – Наурыз мейрамымен шын жүректен құттықтаймын!
Ғасырлар бойы халықтың рухани құндылығын ұлықтап, ұлылығын бейнелеген бұл мереке атадан балаға мирас болып, ұрпақтан-ұрпаққа сабақтасып, осы күндері кең көлемде тойланып келеді. Бұл күн – күн мен түннің теңеліп, тіршілік атаулының жанданар сәті.
Баршамызға мәлім, биылдан бастап Қазақстанда Наурыз мерекесі жаңа форматта атап өтіле бастады. Жыл сайын 14-23 наурыз аралығында өткізілетін Наурызнама онкүндігі бекітіліп, мәні мен мазмұнын байыту ұсынылды.
Наурыз тойын кең көлемде атап өту ұлттық құндылықты арттырып, бірлігімізді нығайтатыны сөзсіз.
Наурыз – жаңа жылдың басы, көктемнің келуі, жер бетіндегі барлық тіршіліктің қайта бүршік жаратын кезі. Осы күндері халқымыз жылды қорытындылап, жетістіктері мен жемісін саралайды, болашаққа жоспар құрып, тәуелсіз мемлекетімізді дамыту мен өркендету жолында жаңа бастамаларды қолға алады.
Тәуелсіздігімізбен бірге қайта келген Наурыз мейрамы қазіргі таңда жалпыхалықтық мерекеге айналып үлгерді.
Қостанай облысы әрқашан халықтар достығы, ұлт пен ұлыстың келісімі мен бірлігінің жарқын үлгісін көрсетуде. Бұл – біздің ең үлкен жетістігіміз десек болады.

Құрметті жерлестер!

Сіздерді Ұлыстың Ұлы күнімен шын жүректен құттықтаймын! Еліміздің бай рухани мұрасының жарқын символына, бірегей ұлттық кодымызды айқындаған Наурыз мерекесі әр үйге амандық, қуаныш әкелсін!
Сіздерге зор денсаулық, шаңырақтарыңыздың шаттығы мен бақытын тілеймін!


Қостанай облысының әкімі Қ. Ақсақалов