Биылғы жыл отандық денсаулық сақтау үшін маңызды жыл болып табылады: «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасын іске асыру басталды, Астанада Ұлттық ғылыми онкологиялық орталықтың құрылысы аяқталуда, ол бірегей жабдықтармен жарақтандырылады, азаматтар үшін медициналық скринингтер кеңейтілді және т.б.
Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев халыққа Жолдауында Үкіметке денсаулық сақтау мен жалпы әлеуметтік саланы қаржыландыру тәсілдерін қайта қарауды тапсырды.
«Медициналық инфрақұрылымды кешенді түрде жақсартуға баса назар аудару керек. Мемлекет пен жекеменшіктің серіктестігін тиімді пайдаланған жөн. Медицина – инвестиция салуға қолайлы сала. Тек оған дұрыс жағдай жасау қажет», – деді ҚР Президенті.
Ағымдағы жылы Қазақстанның денсаулық сақтау саласында қандай нәтижелерге қол жеткізгені туралы осы шолудан оқыңыз.
- Ағымдағы жылы республика өңірлерінде 90 жаңа денсаулық сақтау нысаны салынды, оның ішінде 59-ы «Ауылдық денсаулық сақтауды жаңғырту» ұлттық жобасы шеңберінде. Сонымен қатар 80 медициналық мекеме жөнделіп, 4 көпсалалы орталық аудандық аурухананы қайта жаңарту басталды.
- Стационарларда 3 миллионға жуық адам көмек алды, алғашқы медициналық-санитарлық көмек желісі 90 миллионнан астам адамды қабылдады, 360 мыңнан астам нәресте дүниеге келді (11 айдың қорытындысы бойынша), жедел медициналық жәрдем күштерімен 8 млн шақырту бойынша көмек көрсетілді.
- Өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 10 ай ішінде халықтың жалпы өлім-жітімінің көрсеткіші 5,7%-ға, қан айналымы жүйесі ауруларынан өлім-жітім – 6,9%-ға, қатерлі ісіктерден – 0,6%-ға, тыныс алу мүшелері ауруларынан – 4,7%-ға, туберкулезден – 22,1%-ға төмендегені байқалады. 11 айда нәресте өлімі 9,6%-ға, ана өлімі 24,4%-ға төмендеді.
- Ағымдағы жылы денсаулық сақтау жүйесін қаржыландыру 2,5 трлн теңгені құрады. Амбулаториялық деңгейдегі шығындар ұлғайтылды, бұл жалпы көлемнен 56% құрады. Бұл ретте медициналық оңалтуды қаржыландыру 13 есеге – 2019 жылғы 6 млрд теңгеден 2023 жылы 78,1 млрд теңгеге дейін ұлғайды. Жалпы, Қазақстан 2027 жылға қарай медицинаға жұмсалатын шығыстардың үлесін ЖІӨ-нің 5%-на дейін жеткізу жөніндегі мақсатқа сенімді түрде көшуді жалғастыруда.
- Амбулаториялық дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету көлемі 2019 жылмен салыстырғанда 2 еседен астам ұлғайды және 237 млрд теңгені құрады, оның ішінде орфандық ауруларды емдеуге – 51,8 млрд теңге бөлінді. Барлығы 3,9 млн пациент дәрі-дәрмекпен қамтамасыз етілді.
- Республиканың 20 медициналық ұйымында дәрілік заттарды пациентке дейін бақыланатын бөлудің (таңбалау, кодтау) толық циклі іске қосылды.
- ҚР медициналық мекемелері үшін 58,8 млрд теңгеге 514 бірлік медициналық техника сатып алынды. Медициналық ұйымдардың медициналық жабдықтармен жарақтандырылуы 2023 жылы 2022 жылмен салыстырғанда 2,5%-ға 84,15%-ға дейін ұлғайды.
- 2023 жылы көрсетілген консультациялық-диагностикалық қызметтер саны 2,5 есеге артып, 324 млн-нан астамды құрады. Ағымдағы жылы 1,1 млн тұрғын қымбат диагностикалық қызметтерді (КТ/МРТ) алды.
- Фармацевтикалық және медициналық өнеркәсіпті дамыту шеңберінде келесі жұмыстар жүргізілді:
– Алматы облысында оңтүстік корейлік «SGP» фирмасымен бірлесіп шприцтер өндіру жобасы іске асырылды;
– Алматыда оңтүстік корейлік «Samsung Madison» компаниясының жоғары және сараптамалық сыныптардағы ультрадыбыстық стационарлық диагностикалық жүйелерін шығару жолға қойылды;
– Маңғыстау облысында есту аппараттарының өндірісі іске қосылды;
– Солтүстік Қазақстан облысында сәулелендіргіштер мен бактерицидтік ауа рециркуляторларының өндірісі іске қосылды;
– Шымкентте сүзгіш жартылай бетперелер өндірісі іске қосылды;
– Қарағандыда клапаны бар KN95 медициналық респиратор-бетперделерін өндіру желісі толығымен дайындалды;
– Жамбыл облысында қуаты жылына 250 млн бірлікке дейін бір рет қолданылатын стерильді шприцтер өндірісі іске қосылды.
- Биыл 48 амбулаторлық-емханалық көмек ұйымында үздік тәжірибелер орталықтары ашылып, 160-тан астам маман оқытылды.
- Ересек тұрғындар үшін ҚР-да 8 ауруды (артериялық гипертония, жүректің ишемиялық ауруы, қант диабеті, глаукома, сүт безі қатерлі ісіні, жатыр мойны қатерлі ісігі, колоректальды қатерлі ісік, вирустық гепатит) ерте анықтауға арналған скринингтік бағдарлама іске асырылуда. 2023 жылы скринингтік тексерулермен қамту 2022 жылмен салыстырғанда 19,7%-ға артып, 8,5 млн адамды құрады.
- Ауыл тұрғындары үшін бүйрек, асқазан-ішек жолдары, тыныс алу мүшелері және қуықасты безі қатерлі ісігі ауруларын ерте анықтауға арналған скрининг кеңейтілді. Жалпы профилактикалық тексерулермен шамамен 2,6 млн ауыл тұрғыны қамтылды. Сондай-ақ, медициналық пойыздардың қызметімен 50 мыңнан астам шалғай ауылдың тұрғындары қамтылды, бұл 2022 жылғы қамтудан 58%-ға артық.
- Ағымдағы жылы 688 мың қашықтықтан медициналық қызмет көрсетілді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 6,7 есе көп.
- Мемлекет басшысының тапсырмаларын іске асыру шеңберінде Қазақстан Республикасында онкологиялық ауруларға қарсы күрес жөніндегі 2023 – 2027 жылдарға арналған кешенді жоспар бекітілді.
- Елімізде трансплантология, кардиохирургия, онкология, инновациялық жасушалық технологиялар саласында 80 жаңа технология енгізілді, олар бойынша 20 мыңға жуық адам емделді.
Орталық жүйке жүйесінің ауруларын радиохирургиялық емдеу жүзеге асырылатын Астана қаласындағы Ұлттық нейрохирургия орталығының «Гамма-пышақ» орталығында 233 ота жасалды. 2021 жылы ашылғаннан бері орталықта барлығы 1037 ота жасалды.
- Семей қаласындағы Ядролық медицина орталығы радионуклеидтік терапияның 776 курсын өткізді.
- Дәрігерлерге, оның ішінде аса тапшы мамандықтар бойынша қажеттілікті қамтамасыз ету үшін 2023 жылы республикалық бюджет есебінен 6 мыңға жуық білім беру гранты бөлінді.
- Жергілікті бюджет қаражаты есебінен 16,5 мың маман біліктілігін арттырумен қамтылды.
- 2023 жылы ҚР медициналық жоғары оқу орындары 7 мыңға жуық дәрігер шығарды. Орта медициналық қызметкерлерді шығару 23 мыңнан астам адамды құрады.