Болат Өтемұратов Қоры Қостанай облысы Әулиекөл ауданының орталық ауруханасының базасында инсульт орталығын құруға және қондырғылармен қамтуға 1 млрд теңге бөледі. Үйлері өртеніп кеткен отбасылар 1 млн теңге көлемінде атаулы көмек алады.
Инсульт орталығын құру жоғары білікті медициналық көмекті уақытылы көрсетуге мүмкіндік береді және мидағы қан айналым жүйесінің ақауы бар пациенттер үшін көрсетілетін қызметтердің қолжетімділігін арттырады. Бөлінген қаражатқа диагностикалық зерттеулерге арналған құрал-жабдықтар сатып алынады, ғимараттарға жөндеу және техникалық дайындық жүргізіледі. Облыс орталығынан шалғай аудандардың 100 мыңға жуық тұрғыны жедел жәрдеммен қамтылады.
"Біз Болат Өтемұратов қорына Әулиекөл, Наурызым және Қарасу аудандарының тұрғындарына қызмет көрсететін инсульт орталығын ашу жайлы өтінішімізге жылдам шешім қабылдағаны үшін алғысымызды білдіреміз. Зардап шеккен отбасыларға атаулы көмек көрсеткені үшін Қорға өз атымнан алғыс айтамын", - деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов.
Өрттен зардап шеккендерге материалдық көмек "Көмек картасы"жобасы арқылы көрсетіледі. Бұл Болат Өтемұратов Қоры, Қазақстанның Қызыл ай ұйымы және ForteBank-тің бірлескен бастамасы. Табиғи және техногендік апаттардан зардап шеккен адамдарға уақытылы қолдау көрсетуді көздейтін жоба 2018 жылдан бастап жұмыс істейді. 2022 жылы көрсетілген көмектің жалпы сомасы 2 млрд 500 млн теңгеден асады. Бұған дейін 2022 жылы Ақтөбе, Батыс Қазақстан, Павлодар және Маңғыстау облыстарындағы су тасқынынан зардап шеккен 6 200-ден астам адамға жәрдем берілді.
Естеріңізге сала кетейік, бұған дейін Болат Өтемұратов Қоры 25 медициналық мекемеге түрлі жобалар бойынша көмек көрсеткен. Олар үшін реанимобильдер, өкпені жасанды желдету аппараттары, наркозды-тыныс алу аппараттары, жаңа туған нәрестелерге арналған кувездер және басқа да медициналық жабдықтар сатып алынды.
Болат Өтемұратов Қоры туралы www.utemuratovfund.org
Болат Өтемұратов Қорының негізі 2014 жылдың басында қаланды. Қордың миссиясы – денсаулық сақтауды, білім беру мен мәдениетті дамытуға ықпалдаса отырып, Қазақстанды бүгін және болашақта адамдардың өмір сүруі үшін үздік мекенге айналдыруға көмектесу. 2021 жылы жасөспірімдер арасында көшбасшылық және экологиялық дағдыларды қалыптастыруға бағытталған "Жасыл мектеп" және Jas Leader Akademiiasy жобалары іске қосылды. Қор мемлекетке жалпы құны 4,5 миллион АҚШ долларын құрайтын екі заманауи ПТР зертханасын және коронавирус экспресс-сынақтарын ұсынды. 2014 жылдан бастап алыс елді мекендегі 25 аурухана құны 2,3 миллион АҚШ долларынан асатын өмірлік маңызды медициналық жабдықтармен қамтамасыз етілді. Қазақстанның 10 қаласында «Асыл Мирас» тегін аутизм орталықтары ашылып жұмыс істеп келеді, олардың дамуына Қор 12 миллион АҚШ долларын бөлді. 8 жыл ішінде орталықтарға АСБ ауыратын 12 000 бала жазылып, толыққанды тәуелсіз өмір сүру дағдыларын үйренуге көмек қабылдады. Қор табиғи және техногендік апаттардан зардап шеккендерге көмектеседі: 2018 жылдан бастап 13 000-ға жуық су тасқынынан зардап шеккендер «Көмек картасы» жобасы бойынша шамамен 1,3 миллион АҚШ доллары көлемінде қаражат алды; Мақтаарал ауданы мен Арыс қаласында зардап шеккен 390 отбасы жалпы сомасы 9,5 миллион АҚШ долларына жуық жаңа баспана алды. Қор 15 миллион АҚШ доллар көлемінде қаражат бөліп, Алматы қаласының Бас ботаникалық бағын қайта құру жобасын атқарды.