Жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын

Жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын

Oблыс әкімі Архимед Мұхамбетов
жұмыс сапары аясында Амангелді және Жангелдин аудандарына барды.
Алдымен ол "Әулиекөл – Жалдама" автожолының 0-50 шақырымды құрайтын учаскесінің орташа жөндеу барысын тексерді, жөндеу жұмыстары кестеге сәйкес жүріп жатыр.
Кейін Амангелді ауылындағы А. Байтұрсынұлы көшесінің орташа жөндеу жұмысының барысымен танысты. Көшенің ұзындығы 1,3 шақырым. Барлық жұмыстар ағымдағы жылдың қазан айына аяқталады.
Сапар соңында өңір басшысы Жангелдин ауданындағы Ахмет Байтұрсынұлы және Торғай ауылына ауылына барды.
Мұнда ол Торғай өзені арқылы өтетін көпірдің күрделі жөнделу барысымен, сондай-ақ аудандық маңызы бар Шұбалан-Қарасу автомобиль жолына орташа жөндеу жүргізу барысымен танысты. Көпірдің ұзындығы 84,65 м. Көпірді күрделі жөндеуге 200,8 млн. теңге бөлінді. Бүгінгі таңда 12 шақырымнан астам автомобиль жолы жөнделді.
Содан кейін Архимед Мұхамбетов "Тентексай" ыстық су бұлағына барды. Биыл ыстық су көздерінің жанында орындықтар, қоғамдық дәретхана және қоқысқа арналған жәшік орнатылды. Қазіргі уақытта аумақты абаттандыру жұмыстары жалғасуда.
Одан кейін А.Байтұрсынұлы музей-үйі мен медициналық пункт құрылысының барысымен танысты.
Қазіргі уақытта құрылыс материалдарын тасымалдау бойынша жұмыстар жүргізілуде, іргетасты құю бойынша жұмыстар орындалды және шатырды төсеу бойынша жұмыстар жүргізілуде. Жөндеу жұмыстарын осы айдың соңына дейін аяқтау жоспарланып отыр.
Бұдан кейін облыс әкімі Торғай ауылындағы А.Байтұрсынұлы мен М. Дулатовтың әдеби мұражайына ағымдағы жөндеу жұмыстарын тексерді. Нысанда қабырғалар мен қалқаларды демонтаждау, төбені, еденді, ішкі есіктерді және су құбырын ауыстыру, қабырғаларды сырлау, сондай-ақ қоршауларды, бейнебақылау және сыртқы жарықтандыруды орнату жұмыстары жүргізілді.
Содан кейін ол Торғай ауылындағы "Қазақтелеком" АҚ аудандық филиалына барды. Жыл соңына дейін облыстың оңтүстік өңірлерінің 16 ауылы бойынша мобильді интернет 3G/4G стандартына дейін жақсартылады.
Жұмыс сапарының қорытындысы бойынша Архимед Мұхамбетов Жангелдин ауданының әкіміне барлық жоспарланған жобалар мен іс-шараларды сапалы және белгіленген мерзімінде орындауды тапсырды.

Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі