Архимед Мұхамбетов Қоғамдық кеңес пен депутаттар алдында баяндама жасады

Архимед Мұхамбетов Қоғамдық кеңес пен депутаттар алдында баяндама жасады

Бүгін облыс әкімі Архимед Мұхамбетов Қоғамдық кеңес пен облыстық мәслихат депутаттарының алдында өзіне жүктелген функциялар мен міндеттердің орындалуы туралы баяндады.
Өңір басшысының айтуынша, Мемлекет Басшысының тапсырмаларын іске асыру мақсатында жүргізіліп жатқан жұмыстар өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму нәтижелеріне, оның ішінде облыс халқының табысы мен өмір сүру сапасына оң әсер етуде.
Әкімнің айтуынша, 2022 жылдың 6 айының қорытындысы бойынша барлық негізгі макроэкономикалық көрсеткіштерге қатысты оң динамика тіркелген. Өңдеу өнеркәсібінде, атап айтқанда машина жасауда айтарлықтай өсім байқалады, онда жеңіл автомобильдердің шығарылатын модельдерінің желісі үнемі ұлғайып келеді. Мәселен, 6 айда 31,0 мың автокөлік құрастырылса, оның 1,2 мың бірлігі экспортқа жіберілді.
- Айта кету керек, республикада құрастырылған автомобильдердің 62%-ы біздің облыс зауыттарына тиесілі. Инвестициялық жобаларды іске асыру ерекше бақылауымда, өйткені инвестициялар тарту – бұл ел экономикасының негізгі драйверлерінің бірі. Бүгінгі таңда облыс аумағында 1,8 трлн теңгеден астам сомаға 52 жобадан тұратын пул құрылды. Оларда 8 мыңға жуық жаңа жұмыс орындары ашылады ,-деп атап өтті Архимед Мұхамбетов.
2022 жылы ауыл шаруашылығын қолдауға 101,2 млрд. теңге қарастырылған. Биылғы жаздық егіс 4,8 млн. га құрады, оның ішінде 3,9 млн. га дәнді және дәнді-бұршақты дақылдар, оның ішінде бидай 3,5 млн. га.
Сондай-ақ, ағымдағы жылы елді мекендердің 550 шақырымнан астам жолдары мен 224 көшесін жөндеу жоспарлануда. Осы жылдың қорытындысы бойынша облыс әкімдігі жақсы және қанағаттанарлық жағдайдағы облыстық және аудандық маңызы бар автомобиль жолдарының үлесін 78% - дан 85% - ға дейін жеткізуді мақсат етіп отыр.
– 2022 жылға "Қуатты өңірлер – ел дамуының драйвері" ұлттық жобасы және "Ауыл Ел бесігі" жобасы аясында сумен жабдықтау және су бұру бойынша 48 жобаны іске асыруға 20,5 млрд.теңге бөлінді, - деді облыс әкімі.
Сонымен қатар, ағымдағы жылы білім беру саласын қаржыландыру 149,1 млрд.теңгені құрады. 5,5 млрд. теңгеге 3 мектептің құрылысы жалғасуда. 105 білім беру ұйымдарында 6,7 млрд. теңгеге жөндеу жұмыстары жүргізілуде.
-Біздің негізгі мақсатымыз– халықтың әл-ауқатын жақсартуға үлес қосу, сондай-ақ өңірдің маңызды мәселелерін шешуге жәрдемдесу. Алға қойылған барлық мақсаттар мен міндеттерді шешу және іске асыру Қостанай облысының дамуына үлкен серпін беретініне сенімдімін,-деп қорытындылады сөзін Арихмед Мұхамбетов.

Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі