Тіл саясаты жөніндегі мемлекеттік бағдарлама талқыланды

Тіл саясаты жөніндегі мемлекеттік бағдарлама талқыланды

Бүгін қала және аудан әкімдерімен өткен селекторлық кеңесте тіл саясаты жөніндегі мемлекеттік бағдарламаның іске асырылуы талқыланды. Бұл туралы Қостанай облысы әкімдігінің тілдерді дамыту басқармасының басшысы Гүлжан Мендекинова баяндады.

Бүгінгі күні елімізде Тіл саясатын іске асырудың 2020–2025 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасы жүзеге асырылуда. Оның басты бағыты – мемлекеттік тілдің кең ауқымды қолданысын қамтамасыз ету.

Ағымдағы жылы Тілдерді оқыту орталықтарының жұмысын ұйымдастыру үшін жергілікті бюджеттен 294,2 млн. теңге бөлінген. Мемлекеттік органдарда қазақ тіліндегі құжатайналым бүгінгі күні 100%-ға жуық.

Бүгінгі күні облыста ересек азаматтарды тілдерге оқытатын 20 орталық жұмыс істейді. Барлық орталық замануи техникалық құралдармен жабдықталған. Жыл сайын тіл үйренушілер саны артып келеді. 2019 жылы тілдерді оқыту орталықтарында 6 221 тыңдаушы оқыса, 2021 жылы 8 921 тыңдаушы мемлекеттік, ағылшын және басқа да этнос тілдерін оқып келеді. Соның ішінде 6 760 тыңдаушы, немесе 76%, мемлекеттік тілді оқып үйренуде.

Сонымен қатар, тілдерді оқыту курстары ірі кәсіпорындарында да ұйымдастырылуда. Еліміздегі автоқұрастыру саласында көшбасшысы болып келетін «СарыарқаАвтопром» акционерлік қоғамының басшылығы мемлекеттік тілге ерекше назар бөліп, әкімшілік – шаруашылық персоналының қызметкерлерін қысқа мерзімдік бағдарламасымен оқытуда.

Облыс бойынша қазақ тілінің дұрыс қолданылуына апта сайын мониторинг жүргізіп келеді. Бұл жұмысқа үкіметтік емес ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары, жастар өкілдері тартылып, 800-ден астам шағын және орта бизнес нысандары қамтылды.

Жалпы алғанда облысымызда тіл саясатын іске асыру жүйелі түрде жүргізілуде.

Кеңес қорытындысы бойынша өңір басшысы Архимед Мұхамбетов қала және аудан әкімдеріне тіл саясаты саласындағы жұмысты жандандыруды, сондай-ақ бөлінетін бюджет қаржысын ұлғайтуды тапсырды.

 

Қостанай облысы әкімінің баспасөз қызметі