Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов «Aktobe Invest 2017» халықаралық инвестициялық форумына қатысты

Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов «Aktobe Invest 2017» халықаралық инвестициялық форумына қатысты

Елбасының өңіраралық кооперация мен қазақстандық мазмұнды дамыту бойынша тапсырмасын орындау мақсатында облыс әкімдіктері өзара тиімді серіктестікті жолға қою және отандық тауарөндірушілерді қолдау жұмыстарын жүргізуде. Осыған орай, өңіраралық серіктестік пен өнеркәсіптік кооперация туралы меморандумды Ақтөбе және Қостанай облыстарының әкімдері Бердібек Сапарбаев пен Архимед Мұхамбетов қол қойып бекітті.

Аталған меморандумдарды орындау мақсатында Қостанай облысы Ақтөбеге лифт жеткізеді. Электромобильдер сатылып, оларды қуаттандыратын бекеттер салынады. Әзірге бұл көліктер Алматы мен Астанада бар. Енді Ақтөбе халқы электрлі көліктің мүмкіндіктерін пайдалана алады.

«Өндіріс, ауыл шаруашылығы саласында бірнеше келісім жасалды. Таяуда Ақтөбеде Қостанай облысының күндері өтеді. Ал келер жылы Қостанай қаласында Ақтөбе облысының күндері өтеді. Ауыл шаруашылығы жәрмеңкесі ұйымдастырылып, екі өңір кәсіпкерлерінің тәжірибе алмасуы үшін бизнес форум өткізіледі. Жоспар бойынша Ақтөбеге электромобиль тасымалданады. Агломирация қатарына енген өңір үшін бұл тиімді жоба. Келер жылы Ақтөбеде электромобильдерді қуаттандыру станциясы салынады. Инфрақұрылым дамыған соң көлік сатылады», - деді Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов.

Сонымен қатар, Қостанай облысы Марат Оспанов атындағы Батыс Қазақстан мемлекеттік медициналық университетімен келісімшартқа қол қойды. Себебі, Қостанайда білікті дәрігер тапшы. Облыс әкімі Архимед Мұхамбетов жас мамандарға қаржы беріп, олардың баспаналы болуына жағдай жасамақ. Тек жас кадр әкімдік бағыттаған ауыл, ауданда 7 жыл бойы үздіксіз жұмыс істеуі керек.

Айта кетейік, «Акtobe Invest-2017» форумына 500-ден аса адам қатысты. Олардың қатарында Ақтөбе облысының әкімі Бердібек Сапарбаев, Қостанай облысының әкімі Архимед Мұхамбетов, Орынбор облысының губернаторы Юрий Берг, ҚР Инвестициялар және даму вице-министрі Ерлан Хаиров, министрліктер мен ведомстволардың, ұлттық компаниялардың, қаржы институттарының, ірі отандық және шетелдік кәсіпорындардың басшылары бар. Негізгі пленарлық отырыста «ЭКСПО-2017: өңірдің даму серпіні» тақырыбы талқыланды.