«ЕНДІ БӘРІ ЖАҚСЫ БОЛАДЫ, ПРЕЗИДЕНТКЕ РАХМЕТ!»

«ЕНДІ БӘРІ ЖАҚСЫ БОЛАДЫ, ПРЕЗИДЕНТКЕ РАХМЕТ!»

Бүгінгі таң Қостанай облысы мен тұтас еліміздің тарихына енді. Ұзақ жылдардан кейін алғаш рет Арқалықпен тікелей әуе қатынасы ресми түрде қайта жанданды. Алғашқы рейс Астанадан сағат 09:00-де ұшып шығып, сағат 09:40-де Арқалық жеріне келіп қонды. Бұрын ұзақ сағаттарды алатын жол енді бары-жоғы 40 минутты құрайды. Сонымен қатар, қала елордадан бөлек, Алматы және Қостанай қалаларымен де тұрақты рейстер арқылы байланысып, өңірдің көлікке деген қажеттілігін толық жапты.

Әуежайларда мерекелік атмосфера орнады: жолаушылар ұшаққа шынайы қуанышпен отырса, күтіп алушылардың толқынысында шек болмады. Астанада, тікелей ұшақ бортында және Арқалықтың өзінде өнер көрсеткен Жастар музыкалық театры артистерінің жарқын музыкалық перформансы алғашқы рейстің нағыз сәніне айналды. Жолаушыларды дәстүрлі шашумен, әуенмен және жүрекжарды әндермен қарсы алды. Мерекенің айрықша символы – Шәмші Қалдаяқов пен Мұхтар Шахановтың 1970-ші жылдары Торғай өңіріне жасаған сапарынан кейін жазылған аңызға айналған «Арқалықтың ақ таңы» әнінің орындалуы болды.

«Шынымды айтсам, көзіме жас келеді. Бұл күнді қаншама жыл күттік! Енді бәрі өте жақсы болады, Президентке рахмет! Қала жанданып келеді, бізді ұмытпағанына деген үміт пен сенім пайда болды», — деп өз әсерімен бөлісті Арқалық қаласының тұрғыны.

Ұшуды қайта жандандыру – Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың Торғай өңірін жан-жақты дамыту жөніндегі тапсырмасының тікелей орындалуы. Өңірдің бас әуе айлағы лайнерлерді қабылдауға тыңғылықты дайындалды.

«Жаңа әуежай авиациялық қауіпсіздік, аэронавигациялық қызмет көрсету және аэродромның жарамдылығы бойынша барлық қажетті сертификаттарды алды. Ол CRJ200 үлгісіндегі өңірлік әуе кемелерін қабылдауға толық дайын. Конкурс қорытындысы бойынша SCAT авиакомпаниясы тасымалдаушы болып белгіленді», — деп хабарлады Қазақстан Республикасының Көлік вице-министрі Талғат Ластаев.

Атқарылған жұмысты қорытындылай келе, өңір басшылығы жүріп жатқан өзгерістердің жүйелі сипатын атап өтті.

«Арқалық әуежайын қайта жаңғырту және тікелей әуе рейстерін іске қосу – Президент тапсырмаларының практикалық жүзеге асуы. Мемлекет басшысы моноқалаларға ерекше көңіл бөледі. Осы жұмыс шеңберінде жаңа жолаушылар терминалы, сондай-ақ барлық қажетті инфрақұрылым салынды», — деп атап өтті Қостанай облысы әкімінің орынбасары Беrik Таңжарықов.

Әуежайдың ашылуы Арқалықты кешенді жаңартудағы маңызды кезең болды. Бұған дейін қалада теміржол вокзалы реконструкцияланған болатын, ал бүгінде стратегиялық «Орталық – Батыс» автожолының құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар әлеуметтік нысандар қалпына келтіріліп, коммуналдық желілер жаңартылуда, жолдар жөнделіп, қоғамдық кеңістіктер абаттандырылуда.

Осы ауқымды өзгерістердің басты жеңісі – адамдардың көңіл-күйінің өзгеруі және жастардың туған өңіріне деген сенімі.

«Мен қаладан біржолата көшуді жоспарлап жүрген едім. Бірақ Арқалықтың қалай дамып жатқанын – жолдардың жөнделіп, нысандардың қалпына келтіріліп жатқанын, тіпті Астана, Алматы және Қостанайға әуе рейстерінің қайтарылғанын көргенде... Қалатындығымды түсіндім. Енді қаланың болашағы бар, мен осы жерде өмір сүріп, жұмыс істегім келеді. Президенттің арқасында әділдік орнады», — деп ағынан жарылды алғашқы рейстің жас жолаушыларының бірі.

Алғашқы әуе рейсі мен инфрақұрылымның ауқымды жаңартылуы басты фактіні дәлелдеді: Президент пен мемлекеттің көңіл бөлуінің арқасында Арқалық өзінің дамуының жаңа дәуіріне сенімді түрде қадам басуда.