Қамысты ауданының орталығында спорттың бірнеше түрімен айналысуға арналған жаңа дене шынықтыру-сауықтыру кешені бой көтерді. Салтанатты шараға Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов қатысты.
Мемлекет басшысы бұқаралық спортты дамыту мен спорттық инфрақұрылымның қолжетімділігін қамтамасыз етудің маңыздылығын бірнеше рет атап өтті. Біз бұл бағыттағы жұмысты жүйелі түрде жүргізіп келеміз.
«Облыста жыл сайын жаңа спорт нысандарының саны артып келеді. Соңғы 3 жылда 30-дан астам спорт нысаны салынды. Оның ішінде міне бүгін 19-шы дене шынықтыру-сауықтыру кешені ашылып отыр. 8 спорт залы, 6 жабық хоккей корты, 2 стадион, ат манежі және бассейн бар. Бүгінде бұл жұмыс жалғасуда. Қазіргі таңда тағы 7 ірі спорт нысаны бой көтеруде», – деді аймақ басшысы.
Нысан күніне шамамен 50 адамды қабылдай алады. 7 жаңа жұмыс орны ашылды. Кешенде волейбол, баскетбол, гандбол, шағын футбол және күрес бойынша жаттығулар өткізіледі. Сонымен қатар, тұрғындардың дене шынықтырумен айналысуына мүмкіндік беретін фитнес залы да жұмыс істейтін болады.
Бұл нысан аудан тұрғындарының спортпен тұрақты айналысуына, жастардың бос уақытын тиімді өткізуіне және бұқаралық спортты дамытуға үлкен мүмкіндік береді.