Облыста орман өртінің орташа ауданы 2,5 есеге қысқарған

Облыста орман өртінің орташа ауданы 2,5 есеге қысқарған

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен орман алқаптарындағы өрт қаупі жағдайы жөнінде аймақ әкімдігінің отырысы өтті.

Мемлекет басшысы орман алқаптарын кеңейтуді және оларды қорғауды жалпыұлттық басымдықтардың бірі ретінде айқындады.

Облысымызда орман күзетінің кадрлық құрамы күшейтілді. Үш жыл бұрын орман шаруашылығы мекемелерінде 825 адам жұмыс істесе, бүгінде олардың саны 1 242 адамға жетті.

«Соңғы үш жылда орман шаруашылығы мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға шамамен 8 млрд теңге бағытталды. Осы қаражатқа 51 өрт сөндіру автокөлігі, 86 трактор, 36 орман өртін сөндіру кешені және 78 патрульдік техника сатып алынды. Нәтижесінде орман мекемелерінің техникамен қамтылу деңгейі 90%-ке жетті. Оның ішінде өрт сөндіру автокөліктерімен қамтылу көрсеткіші – 100%», – деді облыс әкімі.

2025 жылы Әулиекөл ауданында соңғы 30 жылда алғаш рет биіктігі 35 метрлік өртті бақылау мұнарасы салынды. Алдағы үш жылда тағы 20 мұнара орнатылады. 2028 жылдың соңына дейін облыстың орман алқаптары 100% мұнарамен қамтылады.

Бүгінде орман алқаптары 70%-ін қамтитын 40 бейнебақылау камерасы бар. 2022 жылы небәрі 8 камера ғана жұмыс істеді.

Қабылданған шаралардың нәтижесінде бір орман өртінің орташа ауданы 2,5 есеге қысқарып, 11,4 гектардан 2025 жылы 4,6 гектарға дейін төмендеді. Ал биыл бұл көрсеткіш 1,5 гектарды құрап отыр.

Орман өрттерінің орташа ауданының азаюының арқасында бір өрттен келетін орташа материалдық залал да едәуір төмендеді. Өткен жылмен салыстырғанда бұл көрсеткіш 11 есеге қысқарып, 849,1 мың теңгеден 73,2 мың теңгеге дейін азайды.

Облыс әкімдігінің қаулысына сәйкес, өрт қаупінің 4-ші немесе 5-ші деңгейі жарияланған кезде азаматтардың орманға баруына шектеу қойылады, ауыл шаруашылығы және жүк көліктерінің орманға кіруіне, өрт шығу қаупін арттыратын жекелеген жұмыс түрлерін жүргізуге тыйым салынады.