Қостанай облысында өңірлік форсайт орталығы ашылды

Қостанай облысында өңірлік форсайт орталығы ашылды

Қостанай қаласында ғылым мен өндірістің өзара ықпалдастығын нығайтуға бағытталған маңызды жоба – өңірлік форсайт орталығының ресми ашылу рәсімі өтті. Жоба Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаевтың ғылымды өңірлік деңгейде дамыту және оны экономиканың нақты секторымен ықпалдастыру жөніндегі тапсырмаларын іске асыру аясында Президент жанындағы Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының бастамасымен жүзеге асырылды.
Іс-шара А.Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университетінің Smart-орталығында ұйымдастырылып, оған Қазақстан Республикасы Ұлттық ғылым академиясының, орталық және жергілікті мемлекеттік органдардың, жоғары оқу орындарының, ғылыми ұйымдардың, ірі өнеркәсіп кәсіпорындарының және бизнес қауымдастығының өкілдері қатысты.
Өңірлік форсайт орталығы ғылым, бизнес және мемлекеттік сектор арасындағы тұрақты байланысты қамтамасыз ететін алаң ретінде құрылды. Оның негізгі мақсаты – өңір кәсіпорындарының технологиялық қажеттіліктерін айқындап, ғылыми әлеуетті нақты өндірістік міндеттерді шешуге бағыттау, сондай-ақ ғылыми зерттеулердің нәтижелерін экономиканың нақты секторына енгізу тетіктерін жетілдіру.
Форсайт-сессия барысында елімізде ғылымды басқарудың жаңа тәсілдері таныстырылып, өңірлердің ерекшеліктеріне негізделген ғылыми-техникалық міндеттерді қалыптастыру тетіктері талқыланды. Сонымен қатар өңірлік деңгейде ғылыми жобаларды іріктеу мен қаржыландырудың ашықтығын қамтамасыз етуге арналған әдістемелік құралдар ұсынылды.
Жиын барысында Қостанай облысында ғылым мен инновацияларды дамыту бағытында атқарылып жатқан жұмыстарға ерекше назар аударылды. Бүгінде облыста ғылым және технологиялар жөніндегі өңірлік кеңес жұмыс істейді. Ұлттық ғылым академиясының ұсыныстары негізінде ғылымды дамытудың бес басым бағыты айқындалған. Олар – агроөнеркәсіптік кешенді дамыту, табиғи ресурстарды ұтымды пайдалану, минералдық шикізатты қайта өңдеу және қалдықтарды кәдеге жарату, машина жасаудағы зияткерлік жүйелерді дамыту, ақпараттық технологиялар мен өнеркәсіпті цифрландыру.
Сонымен қатар ғылыми-зерттеу және тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға жұмсалатын шығыстардың нысаналы көрсеткіші Қостанай облысының 2026–2030 жылдарға арналған даму жоспарына енгізілген. Қазіргі таңда өңірдің жоғары оқу орындары өндіріс орындарымен бірлесіп жалпы құны 5,5 миллиард теңгеден асатын сегіз ғылыми жобаны жүзеге асырып келеді.
Форсайт-сессия аясында өңірдің жетекші өнеркәсіп кәсіпорындары өздерінің өндірістік міндеттері мен технологиялық сұраныстарын таныстырды. Атап айтқанда, тау-кен өндірісіндегі инновациялық шешімдер, ғылыми әзірлемелерді коммерцияландыру тетіктері, көміртекті егіншілікті дамыту, цифрлық агротехнологияларды енгізу, сондай-ақ өсімдік негізіндегі құрғақ сүт алмастырғышын өндіріске енгізу жобалары талқыланды.
Іс-шараның екінші бөлігінде жергілікті атқарушы органдар мен бизнес өкілдеріне арналған оқыту семинары ұйымдастырылды. Семинар барысында жергілікті бюджет қаражаты есебінен ғылыми гранттарды бөлу тәртібі, конкурстық рәсімдерді өткізу ерекшеліктері және ғылымды қаржыландыруға қатысты нормативтік-құқықтық базаны жетілдіру мәселелері қарастырылды.
Өңірлік форсайт орталығының ашылуы Қостанай облысында ғылым мен инновациялық қызметті жаңа деңгейге көтеруге, ғылыми әзірлемелерді өндіріске тиімді енгізуге және өңір экономикасының бәсекеге қабілеттілігін арттыруға бағытталған маңызды қадам болып табылады.