Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов Арқалық қаласына барып, шаһардың 70 жылдығы қарсаңында атқарылып жатқан жұмыстармен танысты. Қалада инфрақұрылым, спорт және көлік салаларын дамытуға бағытталған жұмыстар жоспар бойынша жүзеге асырылуда.
3 жыл ішінде 138 тұрғын үйдің қасбеті жаңартылды, биыл тағы 50 үйдің сырт келбеті жөнделеді.
Теміржол вокзалы жаңғыртылуда. Инженерлік желілер, күту залдары мен кассалық аймақтар, санитариялық жайлар жаңартылып, заманауи қауіпсіздік жүйелері енгізілетін болады.
Биыл Арқалықта облыстық жазғы спартакиада өтеді. Жарыстар өтетін басты нысан — «Жігер» стадионы жөнделіп жатыр.
Өткен жылы Арқалықта 3 жаңа спорт нысаны пайдалануға берілді.
Жабық хоккей корты мен денешынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр.
Арқалық әуежайының құрылысы аяқталуға жақын. Терминал бойынша негізгі құрылыс және инженерлік жұмыстар орындалды. Авариялық-құтқару станциясының, диспетчерлік мұнараның құрылыс жұмыстары жалғасуда. Ұшу-қону жолағында асфальт фрезерлеу жұмыстары жүргізіліп жатыр. Автономды қазандық пен сорғы станциясы толығымен орнатылды.