
Қостанай облысында жастарды жұмыспен қамту, кәсіптік білім алуға ынталандыру және кәсіпкерлік бастамаларын қолдау бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жүзеге асырылып келеді. Қабылданып жатқан шаралардың нәтижесінде өңірде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі тұрақты түрде төмендеп отыр.
Мемлекет басшысының халықты жұмыспен қамтуды арттыру жөніндегі тапсырмалары аясында елімізде «Әділетті Қазақстан – баршаға және әркімге арналған» жол картасы іске асырылуда. Құжатқа сәйкес 2030 жылға дейін республика бойынша 3,3 миллионнан астам азаматты жұмыспен қамту көзделген. Оның кемінде 2,2 миллионы жастар болуы тиіс.
Қостанай облысында соңғы бес жыл ішінде жастар арасындағы жұмыссыздық деңгейі 3 пайыздан 2,1 пайызға дейін төмендеді. Бұл көрсеткіш республикалық деңгейден де төмен. Өңірде жастарды еңбек нарығына бейімдеу, тұрақты жұмыс орындарына орналастыру және кәсіптік әлеуетін арттыру бағытындағы мемлекеттік бағдарламалар кезең-кезеңімен іске асырылуда.
Жыл басынан бері жұмыспен қамту органдарына жұмыс іздеп 5 мыңға жуық жас жүгінген. Соның ішінде 3,5 мыңға жуығы жұмыспен қамтылды. Жастардың бір бөлігі субсидияланатын жұмыс орындарына жіберілсе, енді бірі қысқа мерзімді кәсіптік оқыту курстарынан өтті. Сонымен қатар «Бастау Бизнес» жобасы арқылы кәсіпкерлік негіздерін меңгеріп, өз ісін бастауға мүмкіндік алды.
2025 жылғы 1 маусымдағы жағдай бойынша облыста 2 653 жас жұмыссыз ретінде тіркелген. Оның 430-ы белсенді жұмыспен қамту шараларына қатысып жатыр, ал 1 246 азамат жұмысынан айырылуына байланысты әлеуметтік төлем алуда.
Соңғы үш жылда 16–35 жас аралығындағы тіркелген жұмыссыз жастар саны екі еседен астам қысқарды. Егер 2022 жылы жұмыспен қамту органдарында 7 458 жас жұмыссыз ретінде тіркелсе, бүгінде олардың саны 3 482 адамға дейін азайды. Бұл еңбек нарығындағы оң өзгерістер мен мемлекеттік қолдау тетіктерінің тиімділігін көрсетеді.
Өткен жылы облыста 13,8 мың жас жұмыспен қамту шараларымен қамтылды. Олар әлеуметтік жұмыс орындарына орналастырылып, жастар практикасына қатысты, кәсіптік білім алып, қоғамдық жұмыстарға тартылды. Сонымен қатар кәсіпкерлік негіздерін оқып, мемлекеттік гранттарға ие болған жастардың қатары артты.
Алдағы кезеңде тұрақты жұмыс орындарын құруды жалғастыру, жұмыссыз азаматтарды нәтижелі жұмыспен қамтуға дейін сапалы сүйемелдеу, сондай-ақ жастарды кәсіптік оқытуға, еңбек нарығының белсенді шараларына және кәсіпкерлікке кеңінен тарту жұмыстары жалғасады. Бұл шаралар жастардың еңбек нарығындағы бәсекеге қабілеттілігін арттырып, олардың тұрақты жұмыспен қамтылуына және әлеуметтік әл-ауқатының жақсаруына мүмкіндік береді.