Шомылу маусымындағы қауіпсіздік ерекше бақылауда

Шомылу маусымындағы қауіпсіздік ерекше бақылауда

Қостанай облысында тұрғындардың судағы қауіпсіздігін қамтамасыз ету мақсатында шомылу маусымында құтқару қызметтерінің жұмысы күшейтіліп, ауқымды профилактикалық іс-шаралар жүргізілуде.

Облыс аумағында 8 мыңнан астам су айдыны бар. Оның ішінде шомылуға рұқсат етілмеген 226 орын анықталған. Өңір әкімінің қаулысына сәйкес тұрғындардың қауіпсіз демалысы үшін 25 ресми шомылу орны белгіленген. Оның алтауы коммуналдық, ал 19-ы жекеменшік жағажай болып табылады.

Шомылу маусымы кезеңінде төтенше жағдайлардың алдын алу және жедел әрекет ету мақсатында 120 құтқарушы, 35 техника, 21 жүзу құралы және арнайы сүңгуірлік жабдықтар тәулік бойы дайындықта тұр. Сонымен қатар суға түсуге арналмаған аумақтарда жағалау сызығын патрульдеу ұйымдастырылып, моторлы қайықтармен жабдықталған алты мобильді құтқару бекеті жұмыс істеуде.

Қазіргі таңда Қостанай облысының Төтенше жағдайлар департаменті халық арасында тұрақты түрде түсіндіру жұмыстарын жүргізуде. Бұл бағыттағы жұмыстарға полиция қызметкерлері, Ұлттық ұлан әскери қызметшілері, білім беру ұйымдарының өкілдері мен еріктілер тартылған. Ведомствоаралық өзара іс-қимыл аясында қосымша патрульдеу шаралары ұйымдастырылып, тұрғындарға судағы қауіпсіздік талаптары кеңінен түсіндірілуде.

Мамандар тұрғындарды тек арнайы жабдықталған және рұқсат етілген орындарда шомылуға, балаларды қараусыз қалдырмауға, сондай-ақ алкогольдік ішімдік ішкеннен кейін суға түспеуге шақырады. Қарапайым қауіпсіздік ережелерін сақтау адам өмірі мен денсаулығын қорғаудың басты кепілі болып табылады.