Қостанай облысында 103 мың бала жазғы демалыс және сауықтырумен қамтылады

Қостанай облысында 103 мың бала жазғы демалыс және сауықтырумен қамтылады

Қостанай облысында балалардың жазғы демалысын, сауықтырылуын және жұмыспен қамтылуын ұйымдастыру бойынша кешенді шаралар жүзеге асырылуда. Биылғы жылы жазғы демалыс пен сауықтырудың түрлі нысандарымен 103 мыңға жуық баланы қамту жоспарлануда, бұл өңірдегі мектеп оқушыларының жалпы санының 98,5 пайызын құрайды.

Осы мақсаттарға шамамен 457 млн теңге қарастырылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 145 млн теңгеге артық (312,6 млн теңге).

Жазғы кезеңде облыста 12 қала сыртындағы және 617 мектеп жанындағы лагерь жұмыс істейді. Оларда 1-10 сынып оқушыларының 91 пайызы, яғни 102 мыңнан астам бала қамтылады. Мектеп жанындағы лагерьлердің 337-сінде 57 281 бала үшін тамақтандыру ұйымдастырылған, ал 280 лагерьде 34 531 оқушы тамақтанусыз демалады.

Қазіргі таңда облыстағы 12 қала сыртындағы лагерь жұмыс істеп тұр, онда 2 313 бала демалуда. Олардың қатарында «Солнечный» (Денисов ауданы), «Балдаурен» (Әулиекөл ауданы), «Болашақ» (Алтынсарин ауданы), «Строитель» (Арқалық қаласы), «Чайка», «Орленок», «Светофор» (Алтынсарин ауданы), «Лесная сказка» (Меңдіқара ауданы), генерал Бакиров атындағы лагерь (Алтынсарин ауданы), «Алый Парус» (Лисаковск қаласы), «Алтынгүл» (Қостанай ауданы) лагерьлері бар.

Мемлекеттік қолдауды қажет ететін балаларға ерекше көңіл бөлінеді. Жергілікті бюджет қаражаты есебінен бірінші кезекте жетім балалардың, аз қамтылған отбасылардан шыққан балалардың, сондай-ақ дарынды балалардың демалысы мен сауықтырылуы ұйымдастырылуда. Осы мақсаттарға шамамен 300 млн теңге қарастырылған, бұл өткен жылмен салыстырғанда 75 млн теңгеге артық (2025 жылы – 225 млн теңге).

Жалпыға бірдей білім беру қоры арқылы 175 млн теңге сомасына 2 634 баланы сауықтыру жоспарланған. Сонымен қатар, үш қала сыртындағы лагерьде интернаттық ұйымдардың 425 тәрбиеленушісіне арналған ауысымдар ұйымдастырылған.

Балаларды оңалту орталығы базасында ерекше білім беру қажеттіліктері бар балаларды сауықтыруға бағытталған әлеуметтік маңызы бар «Хатико» жобасы жалғасуда. Биыл жобаға 379 бала қатысады, оны жүзеге асыруға 62,5 млн теңге бөлінген. Жоба 2022 жылдан бері жүзеге асырылып келеді және өзінің тиімділігі мен сұранысқа ие екенін дәлелдеді: соңғы төрт жылда 129,6 млн теңге қаражат есебінен 859 бала қамтылды.

Демалыс пен сауықтырудан бөлек, түрлі жұмыспен қамту бағыттарымен 105 мыңнан астам бала мен жасөспірімді қамту жоспарлануда.

Мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс аясында Қарасу ауданында «SUMMER IT BOOTCAMP» IT-лагері, сондай-ақ Жангелдин ауданында және Бейімбет Майлин ауданында «Мектеп туризмін дамыту және туған өлкенің тарихи-мәдени мұрасын зерделеу» жобалары жүзеге асырылуда.

Дәстүрлі бағыттармен қатар, биыл балалар мен жасөспірімдердің дамуына бағытталған жаңа танымдық-қолданбалы жобалар іске асырылуда. Қостанай және Амангелді аудандарында мемлекеттік тілді қазақ халқының отбасылық және мәдени ортасына ену арқылы үйренуге бағытталған «Қонақжай отбасы» жобасы басталды.

Жазғы кезеңде мың оқушы үшін Наурызым мемлекеттік табиғи қорығына және Амангелді ауданына көпфункционалды туристік кешенге бару арқылы туристік экскурсиялар ұйымдастырылды. Бұл сапарлар оқушылардың дүниетанымын кеңейтуге, өңірдің табиғи және тарихи-мәдени мұрасымен таныстыруға бағытталған.

Балалардың тұрғылықты жері бойынша мазмұнды демалысын ұйымдастыруға да ерекше көңіл бөлінуде. Жітіқара ауданында «Біз тұратын аула» атты көшпелі шығармашылық зертхана жүзеге асырылуда. Жоба аясында балалар мен жасөспірімдерге арналған аула аумақтарында және ашық алаңдарда дамытушылық, танымдық және шығармашылық іс-шаралар өткізіледі.

Жазғы науқанның маңызды бағыттарының бірі – оқушылардың еңбекпен қамтылуы. Жазғы кезеңде 14 мыңнан астам оқушыны қамтитын 600-ге жуық көгалдандыру бригадасы ұйымдастырылды. Экологиялық бастамалар да жалғасуда: облыстық үш күндік «Эколагерь» өткізілді, сондай-ақ «Үздік мектеп ауласы» байқауы мен «Менің үйім – менің аулам» акциясы жоспарланған.

Балалардың қауіпсіздігі мен профилактикалық жұмыстарына ерекше назар аударылуда. Түрлі есепте тұрған 1 452 баланың барлығы 100 пайыз жазғы демалыспен және жұмыспен қамтудың түрлі нысандарымен қамтылды.

Облыстың барлық мектептерінде балалар қажетті көмек пен мамандардың қолдауын ала алатын «Жазғы психологиялық қолдау алаңдары» жұмыс істейді. Сонымен қатар балаларға тәулік бойы және жасырын түрде психологиялық көмек көрсететін облыстық «Досым» Telegram-боты іске қосылды. Сервис ағымдағы жылдың 1 мамырынан бастап жұмыс істейді.

Сондай-ақ 15-24 шілде аралығында «Қазақстан халқына» қоғамдық қоры ұйымдастырған республикалық «Жаздық жолдама» қайырымдылық жобасы аясында Қостанай облысының ауылдық аймақтары мен моноқалаларынан шыққан, оқу, спорт және шығармашылық бағыттарда жоғары жетістіктерге жеткен 19 дарынды бала Щучинск қаласындағы «Балдаурен» республикалық оқу-сауықтыру орталығына барады.