
Ауылдық аумақтарды дамыту Қостанай облысындағы басым бағыттардың бірі болып қала береді. Бұл ретте тұрғын үй салуға, инженерлік инфрақұрылымды жаңғыртуға және ауыл тұрғындары үшін қолайлы өмір сүру жағдайларын жасауға ерекше көңіл бөлінуде.
Соңғы жылдары өңірде ауылдық жерлердегі тұрғын үй құрылысының көлемі айтарлықтай артты. 2025 жылдың қорытындысы бойынша облыста 517,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға беріліп, 5,4 мыңнан астам отбасы баспаналы болды. Оның ішінде 63,7 мың шаршы метр тұрғын үй ауылдық елді мекендерге тиесілі, бұл жалпы пайдалануға берілген тұрғын үй көлемінің 12,3 пайызын құрайды.
Тұрғын үй құрылысы ауыл тұрғындарының баспана жағдайын жақсартып қана қоймай, ауылдардың жас мамандар мен жас отбасылар үшін тартымдылығын арттыруға да ықпал етеді. Қолайлы өмір сүру ортасын қалыптастыру ауылдық аумақтардың тұрақты дамуы мен кадрлық әлеуетін сақтаудың маңызды факторы болып табылады.
Тұрғын үй құрылысымен қатар өңірде инженерлік инфрақұрылымды дамыту жұмыстары да жүйелі түрде жүргізілуде. Маңызды бағыттардың бірі – халықты сапалы ауыз сумен қамтамасыз ету. Бүгінде облыстағы барлық ауылдық елді мекендер орталықтандырылған сумен жабдықтау жүйесіне қосылған. Ендігі міндет – суды әрбір үйге жеткізу.
Соңғы үш жылда ауылдық жерлерде орталықтандырылған су жүйесіне қосылған үй шаруашылықтарының саны 48,3 мыңнан 63 мыңға дейін өсті. Жалпы Қостанай облысының ауылдық елді мекендерінде 80,6 мың аула бар.
Сондай-ақ ауылдық елді мекендердің көлік қолжетімділігін арттыру бағытында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. 2023–2025 жылдары 185 ауылға кіреберіс жолдар мен мыңнан астам ауыл көшесі жөнделді. Бұл тұрғындардың қауіпсіз әрі жайлы қозғалуына мүмкіндік беріп, логистиканы жақсартады және аудандардың әлеуметтік-экономикалық дамуына қосымша серпін береді.
Ауылдық аумақтарды дамытуға бағытталған кешенді шаралар тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыруға, заманауи өмір сүру жағдайларын қалыптастыруға және Қостанай облысы ауылдарының әлеуетін нығайтуға мүмкіндік береді.