Қостанай облысының орманшыларына 25 өрт сөндіру техникасының кілті тапсырылды

Қостанай облысының орманшыларына 25 өрт сөндіру техникасының кілті тапсырылды

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов өңірдің орман шаруашылығы мекемелеріне 25 өрт сөндіру техникасының кілтін тапсырды.

Мемлекет басшысы орман алқаптарын кеңейтуді және оларды қорғауды жалпыұлттық басымдықтардың бірі ретінде қарап, орман шаруашылықтарының техникамен және кәсіби мамандармен қамтылуына аса назар аударуды тапсырған болатын.

«Біздің облысымызда соңғы 3 жылда 8 млрд теңге қаражат бөлініп, ол қаражат ең біріншіден өздеріңіздің материалдық-техникалық базаны жаңғыртуға жұмсалды. 51 өрт сөндіру машинасы, 86 трактор, 36 орман өртін сөндіру кешені және 78 патрульдік техника сатып алынды. Штат саны 51%-ке өсіп, 825-тен 1 242 адамға дейін артты. Бүгін тағы 25 өрт сөндіру автомобилінің кілтін тапсыру нәтижесінде, орман шаруашылығы мекемелері 100% техникамен қамтамасыз етілді», – деді аймақ басшысы.

Ормандарда 40 камераның көмегімен бейнебақылау жүргізіледі, ол орман алқаптарының 70%-ін қамтиды.

Қабылданып жатқан шаралардың арқасында орман өрті 2,5 есеге азайды.