Адам өмірінің арашасы: Қостанай облысында медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Адам өмірінің арашасы: Қостанай облысында медицина қызметкерлеріне құрмет көрсетілді

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов медицина қызметкерлерін кәсіби мерекесімен құттықтады.

Мемлекет Басшысы: «Денсаулық сақтау саласы – еліміздің жаңару сатысындағы негізгі бастамаларының бірі», – деп атап өтті.

Биыл облыстың денсаулық сақтау саласына 133,2 млрд теңге қаржы бөлінді, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 1,6 есеге жоғары.

Қазіргі таңда облыста 438 медициналық ұйым жұмыс істейді. Оларда 13 мыңнан астам маман, соның ішінде 1,8 мыңға жуық дәрігер еңбек етуде. Соңғы 3 жылда 34 медициналық нысан бой көтерді: 2 емхана, 5 дәрігерлік амбулатория, 23 ФАП (фельдшерлік-акушерлік пункт) және 4 медпункт. Олар бұрын ауыл деңгейінде болмаған УДЗ (УЗИ) аппараттарымен, зертханалармен, оңалту жабдықтарымен және физиоаппараттармен жабдықталған.

«Жеке инвестициялар есебінен «LifeClinic» медициналық орталығы, Қостанай қаласының «Юбилейный» шағын ауданында және Қостанай ауданының Тобыл қаласында емханалар ашылды. Жақын арада Қостанай ауданының Заречный кентінде аудандық емхана өз есігін ашады. Жітіқара ауданындағы емхананы қайта құру жұмыстары аяқталды. Арқалық пен Жітіқарадағы аудандық ауруханалар қайта құрудан өткеннен кейін, ағымдағы жылы Арқалық медициналық колледжін қайта құру жұмыстары мен Амангелді және Жангелді аудандарында ФАП-тардың құрылысы басталады», – деді аймақ басшысы.

Облыста 2 балалар орталығы ашылды. Оның бірі – республикадағы аутизммен ауыратын балаларға арналған ең ірі орталық, сондай-ақ мүгедектігі бар балаларға арналған оңалту орталығы.

Денсаулық сақтаудың 34 нысанында жөндеу жұмыстары жүргізілуде. Облыстың медициналық мекемелерінің материалдық-техникалық базасын нығайтуға 13,4 млрд теңге қарастырылған, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 4 есе көп.

Онкологиялық ауруханаға алғаш рет сызықтық үдеткіш орнатылды. Жедел жәрдем қызметінің автопаркі 50 жаңа реанимобильмен толықты. Медициналық техникамен жабдықталу деңгейі 90%-ды құрады.

Тек 2025 жылдың өзінде облысқа 300-ден астам дәрігер келді. Облыстың медициналық колледж түлектерінің саны 376-дан 620 адамға дейін өсті. Соңғы 3 жылда дәрігер кадрлардың тапшылығын 67%-ға – 312-ден 101 маманға дейін қысқартуға қол жеткізілді.

Ақ халаттылардың еңбегінің арқасында соңғы 3 жылда өлім-жітім көрсеткіштері азайды. Халықтың өмір сүру ұзақтығы 72,67-ден 74,94 жасқа дейін артты.