
Қостанай облысы бүгінде еліміздің жетекші индустриялық өңірлерінің бірі ретінде өз позициясын нығайтып келеді. Өңір экономикасының негізін өңдеу өнеркәсібі құрайды. Оның үлесіне жалпы өнеркәсіп өндірісінің 70 пайыздан астамы тиесілі. 2025 жылдың қорытындысы бойынша Қостанай облысы өңдеу өнеркәсібі өнімдерін өндіру көлемі бойынша республикада төртінші орынға ие болды.
Өңір экономикасының негізгі қозғаушы күштері – машина жасау және металлургия салалары. Бүгінде машина жасау өндірісі облыстың өңдеу өнеркәсібінің жартысына жуығын құрайды. Қостанай облысы еліміздің автомобиль жасау орталығына айналып келеді. Қазақстанда шығарылатын барлық автокөліктің 55 пайыздан астамы дәл осы өңірде өндіріледі. Өткен жылы облыс кәсіпорындары 95 мыңға жуық автокөлік шығарса, биыл бұл көрсеткішті 116 мыңнан астам бірлікке жеткізу жоспарланып отыр.
Автомобиль жасау саласының көшбасшылары қатарында «СарыарқаАвтоПром» және «KIA Qazaqstan» зауыттары бар. Сонымен қатар облыста ауыл шаруашылығы машина жасау саласы да қарқынды дамуда. Өңірде әлемге танымал LOVOL, Deutz-Fahr, AMAZONE брендтерінің техникалары, сондай-ақ «Кировец» және «Белорус» тракторлары құрастырылуда. Маңызды жобалардың бірі – Қостанайдағы локализациялық орталық базасында John Deere техникасын өнеркәсіптік құрастыру жөніндегі келісімнің жасалуы.
Өңір экономикасына металлургия саласы да қомақты үлес қосуда. Қостанай облысында болат прокаты мен «Доре» қорытпасын өндіретін кәсіпорындар жұмыс істейді. 2025 жылдың қорытындысы бойынша металлургиялық өндіріс көлемі 416 млрд теңгеден асты.
Өнеркәсіптің тұрақты дамуы өндіріс көлемінің артуына, экспорттық әлеуеттің кеңеюіне және жаңа жұмыс орындарының құрылуына жол ашуда. Бұл өз кезегінде өңір экономикасының тұрақтылығын арттырып, оның бәсекеге қабілеттілігін күшейтеді.
Соңғы жылдардағы ең ірі инвестициялық жобалардың бірі – Мемлекет басшысының қатысуымен іске қосылған Қостанайдағы KIA Qazaqstan автозауыты. Жобаның жалпы құны 131,5 млрд теңгені құрады, оның 90 пайызы – тікелей шетелдік инвестициялар. Кәсіпорынның өндірістік қуаты жылына 70 мың автокөлік шығаруға мүмкіндік береді. Жоба аясында 1 500 жаңа жұмыс орны ашылады.
Бүгінде зауыт төңірегінде автокомпоненттер өндірісінің тұтас кластері қалыптасуда. Соның бірі – құны 17,8 млрд теңгені құрайтын TEHNOPARK KZ жобасы. Жоба аясында 800 жаңа жұмыс орны құрылып, KIA автокөліктеріне арналған бамперлер, салон элементтері, орындықтар, электр сымдары және басқа да бөлшектер өндіріледі. Сонымен қатар технологиялық жабдықтарды дамытуға қосымша 49,4 млрд теңге инвестиция салу жоспарланған.
Өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттыруда KamLit KZ компаниясының жобалары да ерекше орын алады. Өткен жылы жалпы құны 160,5 млрд теңгені құрайтын екі жаңа кәсіпорын іске қосылды. Нәтижесінде 650 жұмыс орны ашылды. Кәсіпорындар жетекші көпірлердің басты берілістерін өндіруге және жетекші көпір арқалықтарын локализациялауға маманданған.
Жалпы алғанда, 2025 жылы Қостанай облысында құны 322 млрд теңгені құрайтын жеті ірі индустриялық жоба іске асырылып, 3,3 мыңға жуық жаңа жұмыс орны құрылды. Ал 2026 жылы жалпы құны шамамен 100 млрд теңгені құрайтын тағы 13 жобаны іске қосу жоспарланып отыр.
Өңірде агроөнеркәсіптік кешенді дамытуға да ерекше көңіл бөлінуде. Қостанай ауданында форель өсіретін және балық өңдейтін кешен салу жоспарланған. Бұл жоба облыс тұрғындарының балық өнімдеріне деген сұранысының шамамен 30 пайызын қамтамасыз етуге мүмкіндік береді. Сонымен қатар сыйымдылығы 5,2 мың тонналық заманауи көкөніс қоймасы салынбақ.
Ауыл шаруашылығы өнімдерін терең өңдеу бағытында да ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Олардың қатарында Рудный қаласында жылына 200 мың тонна өнім өндіретін қант зауытының, Лисаков қаласында қуаттылығы 174 мың тонна болатын май экстракциялау зауытының және дәнді және майлы дақылдарды өңдеу кешенінің құрылысы бар.
Өңірдің логистикалық мүмкіндіктерін кеңейтуде Қостанай қаласында жүзеге асырылатын «Тобыл» көлік-логистикалық кешенінің маңызы зор. Жобаның инвестициялық көлемі 63,8 млрд теңгені құрайды. Кешен іске қосылғаннан кейін 500 жаңа жұмыс орны ашылып, жылына 400 мың контейнерге дейін өңдеу мүмкіндігіне ие болады.
Индустриялық, аграрлық және инфрақұрылымдық жобаларды жүйелі түрде іске асыру Қостанай облысының еліміздің экономикалық өсімінің негізгі тіректерінің бірі ретіндегі рөлін күшейтіп келеді. Жаңа өндірістердің ашылуы, инвестициялардың тартылуы және мыңдаған жұмыс орындарының құрылуы өңірдің тұрақты дамуы мен халықтың әл-ауқатын арттыруға берік негіз қалыптастыруда.