
Жұмыс сапары аясында делегация «Тобыл» көлік-логистикалық кешенінің құрылыс барысымен танысты. Бұл жоба Қостанай облысының көлік-логистикалық инфрақұрылымын дамытудағы стратегиялық маңызды бағыттардың бірі болып табылады.
Жобаның жалпы құны 63,8 млрд теңгені құрайды. Кешен толық іске қосылған жағдайда жылына 400 мың контейнерге дейін өңдеу мүмкіндігіне ие болады. Сонымен қатар 500-ге жуық тұрақты жұмыс орны ашылады деп күтілуде.
Қазіргі уақытта теміржол инфрақұрылымының негізгі бөлігі аяқталған. Ұзындығы 2 723,7 метр болатын екі теміржол желісі салынған. Сондай-ақ 26 мың шаршы метрлік контейнерлік алаң пайдалануға дайын.
Жобаны толық іске асыру мақсатында қосымша қаржыландыру және бас жоспарды өзектендіру жұмыстары жүргізілуде. Кешеннің болашақта өңірдің транзиттік әлеуетін айтарлықтай арттырып, халықаралық жүк тасымалы бағытындағы маңызды логистикалық орталыққа айналуы күтілуде.
Бұл жоба Қостанай облысының инвестициялық тартымдылығын күшейтіп, жаңа өндірістік және қызмет көрсету салаларының дамуына серпін береді.