Арқалық қаласының 70 жылдығы: жаңа даму кезеңіне бастайтын ауқымды жобалар жүзеге асырылуда

Арқалық қаласының 70 жылдығы: жаңа даму кезеңіне бастайтын ауқымды жобалар жүзеге асырылуда

Арқалық қаласының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында өңірде әлеуметтік, инфрақұрылымдық, мәдени және экономикалық бағыттар бойынша ауқымды жұмыстар жүзеге асырылып жатыр. Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапары барысында бірқатар маңызды нысандарды аралап, қолға алынған жобалардың орындалу барысымен танысты.

Мерейтойды жоғары деңгейде ұйымдастыру мен өткізу – қаланың қалыптасуы мен даму жолындағы маңызды белес. Бұл мерейтой тек мерекелік дата ғана емес, өткенімізді саралап, атқарылған жұмыстарды қорытындылап, болашақ даму бағыттарын айқындайтын маңызды кезең.

Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев 2025 жылғы 8 қыркүйектегі Қазақстан халқына арнаған Жолдауында Торғай өңірінің дамуы Үкіметтің айрықша назарында болуы қажеттігін атап өткен болатын. Бүгінде осы тапсырманы орындау аясында Арқалық қаласын дамыту бағытында ауқымды жұмыстар жүзеге асырылуда.

«Соңғы жылдары қаланың әлеуметтік-экономикалық даму көрсеткіштері тұрақты өсім көрсетуде. Егер 2022 жылы Арқалық қаласының бюджеті 20,1 млрд теңгені құраса, 2026 жылы бұл көрсеткіш 36,6 млрд теңгеге жетіп, 1,8 есеге артты. Қаржы білім беру, денсаулық сақтау, мәдениет, спорт, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, инженерлік инфрақұрылым, жол құрылысы және абаттандыру салаларына бағытталып жатыр», – деді аймақ басшысы.

Денсаулық сақтау саласында маңызды жобалар жүзеге асырылды. 2024 жылы Восточный және Фурманов ауылдарында жаңа фельдшерлік-акушерлік пункттер пайдалануға берілді. Арқалық өңірлік ауруханасы көпбейінді өңіраралық аурухана ретінде қайта жаңғыртылып, қазіргі таңда перзентхана ғимаратын күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Білім беру саласында да оң өзгерістер бар. 2024 жылы облыстағы алғашқы «Келешек мектебі» Арқалық қаласында ашылды. Ал 2025 жылы Арқалық педагогикалық институты университет мәртебесіне ие болып, оның материалдық-техникалық базасын кеңейту мақсатында бұрынғы ауыл шаруашылығы басқармасының ғимараты оқу корпусына қайта бейімделді.

«Соңғы үш жыл ішінде қалада 30-дан астам әлеуметтік нысан жөндеуден өтті. Тұрғын үй құрылысы да қарқын алды. Осы кезеңде 20,8 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Оның ішінде өткен жылы 9,5 мың шаршы метр тұрғын үй салынды, бұл 2022 жылмен салыстырғанда 2,3 есе жоғары көрсеткіш», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.

Спорт саласында да ауқымды жұмыстар атқарылуда. Өткен жылы күрес залы, дарынды балаларға арналған мектеп-интернат және «Қазақстан» спорт кешені пайдалануға берілді. Қазіргі уақытта «Жігер» стадионында жөндеу жұмыстары жүргізілуде, жабық хоккей кортының құрылысы жалғасуда. Сонымен қатар «Самұрық-Қазына» қорының қаржыландыруымен дене шынықтыру-сауықтыру кешені салынып жатыр.

Халықтың спортпен тұрақты айналысуына жағдай жасау мақсатында аулаларда 43 спорт алаңы салынды.

Мәдениет саласында да жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Ашутасты ауылындағы мәдениет үйінің күрделі жөндеу жұмыстары аяқталуға жақын.

Жол инфрақұрылымын дамыту бағытында соңғы жылдары жалпы ұзындығы 56 шақырым болатын жолдар жөнделді. Нәтижесінде 40 көше жаңартылып, 29 жаңа автобус аялдамасы орнатылды.

Қаланың экономикалық әлеуетін арттыруда көлік инфрақұрылымының маңызы зор. Осыған байланысты Арқалықтан Ұлытау облысына дейінгі жол учаскесі жөнделді. Сонымен қатар Арқалық – Торғай – Ырғыз бағыты бойынша жаңа автожол құрылысы жүргізілуде.

Өңірдің көлік қолжетімділігін жақсарту мақсатында Арқалық әуежайын қалпына келтіру жұмыстары жүзеге асырылып жатыр. Сонымен бірге теміржол вокзалын қайта жаңғырту жобасы аяқталуға жақын.

Қаланың инвестициялық тартымдылығын арттыру үшін индустриялық аймақ құру туралы шешім қабылданды. Бұл жаңа өндірістерді орналастыруға, инвестициялар тартуға және жаңа жұмыс орындарын ашуға мүмкіндік береді.

Коммуналдық инфрақұрылымды жаңғырту жұмыстары да жалғасуда. Арқалық қаласы мен Северный кентінде су желілері жаңартылып, Молодежный және Үштөбе ауылдарында жаңа су жүйелері салынды. 2025 жылы 1,6 шақырым жылу желісі қалпына келтірілді. Алдағы уақытта 39 шақырым кәріз желісін жөндеу жоспарланған.

Қаланы абаттандыру және тұрғындардың өмір сүру сапасын арттыру мақсатында бірнеше көше жарықтандырылып, 100 жарық шамы орнатылған тіректер қойылды. Соңғы үш жыл ішінде 65 тұрғын үйдің сыртқы келбеті жақсартылды. Биыл тағы 25 көпқабатты үйдің қасбеті жаңартылады. Егер 2022 жылы 10 тұрғын үй жөнделсе, өткен жылы бұл көрсеткіш 67 үйге жетті.

Цифрлық инфрақұрылымды дамыту аясында Жаңақала, Екідің, Молодежный, Аңғар, Ашутасты, Жалғызтал, Родина және Целинный ауылдарында жаңа базалық станциялар іске қосылып, тұрғындардың сапалы интернетке қолжетімділігі қамтамасыз етілді.

Арқалық қаласының 70 жылдық мерейтойы қарсаңында мемлекет тарапынан өңірді дамытуға барлық жағдай жасалып отыр. Сонымен қатар бизнестің әлеуметтік жауапкершілігі де ерекше маңызға ие. Осыған байланысты кәсіпкерлер мен меценаттарды әлеуметтік және инфрақұрылымдық жобаларға белсенді қатысуға шақыру маңызды.

Бұл қоғамдық орындарды абаттандыру, әлеуметтік нысандарды жөндеу және жаңарту, білім беру, мәдениет және спорт ұйымдарын қолдау, көгалдандыру, балалар және спорт алаңдарын салу секілді халықтың өмір сүру сапасын жақсартуға бағытталған бастамаларды қамтиды.

«Арқалықтың 70 жылдығы аясында өткізілетін іс-шаралар тұрғындар мен қала қонақтарына мерекелік көңіл-күй сыйлап қана қоймай, қаланың жетістіктері мен әлеуетін кеңінен насихаттауға, оның инвестициялық және туристік мүмкіндіктерін танытуға бағытталуы тиіс. Таза көшелер, көрікті аулалар, жаңартылған ғимараттар мен жайлы қоғамдық кеңістіктер Арқалықтың жаңа келбетін қалыптастырып, оның жарқын болашағына негіз болады», – деп атап өтті облыс басшысы.

Өңір жетекшісі мерейтойды ұйымдастыруға жауапты барлық мекемелер мен ұйымдар өздеріне жүктелген міндеттерді сапалы әрі уақытылы орындап, қала қонақтарын жоғары деңгейде қарсы алуға толық дайын болуы тиіс екендігін тапсырды.