
Қостанай ауданы Жуков ауылында әлеуметтік және өндірістік инфрақұрылымды дамытуға бағытталған ауқымды жобалар жүзеге асырылуда. Облыс әкімі Құмар Ақсақалов жұмыс сапары барысында елді мекендегі бірқатар нысандармен танысты.
Ауылда әлеуметтік жауапкершілігі жоғары бизнес өкілдерінің бірі – «Розумович» ЖШС тарапынан тұрғындар үшін қолайлы жағдай жасау бағытында жүйелі жұмыстар жүргізілуде. Соңғы бес жыл ішінде кәсіпорын жұмысшыларға арналған 33 пәтерлі 21 тұрғын үй салған. Алдағы уақытта тағы 15 жеке тұрғын үйдің құрылысы жоспарланып отыр. Бұл мақсатта екі гектар жер учаскесі бөлінген.
Кәсіпкердің бастамасымен ауылда «Өркениет» даму орталығы, шағын маркет, қоғамдық монша, қонақ үй және 50 орындық балабақша салынған. Бұл жобалардың нәтижесінде 200-ден астам жаңа жұмыс орны ашылды.
Кездесу барысында ауылда жаңа мектеп салу қажеттілігі көтерілді. Қазіргі білім беру нысанының жағдайы тозған. Осыған байланысты 100 орындық мектептің жобалық-сметалық құжаттамасы әзірленген. Өңір басшысы бұл мәселе бақылауда екенін және тиісті қолдау көрсетілетінін атап өтті.
Облыс әкімі өңірде әлеуметтік бағыттағы бизнестің ауылдың дамуына қосып отырған үлесін жоғары бағалады. Бизнес пен ауылдың бірлесе дамуы тұрғындар үшін тұрақты әлеуметтік-экономикалық жағдай қалыптастырып отырғаны айтылды.
Сонымен қатар, ауылда жылқы шаруашылығын дамыту жұмыстары басталған. 12 басқа арналған атқора салынып, асыл тұқымды жылқыларды өсіру және ұлттық ат спорты түрлерін дамыту жоспарлануда. Болашақта шағын ипподром салу көзделіп отыр. Бұл ауыл тұрғындары үшін ұлттық спорт түрлерін тамашалауға мүмкіндік береді.
Сапар барысында мемлекеттік тіл курстарының ұйымдастырылуы, ауылдағы этномәдени бағыттағы қоғамдық кеңістіктер және «Таза Қазақстан» бағдарламасы аясында атқарылып жатқан жұмыстар таныстырылды.
Жуков ауылы өңірде әлеуметтік әріптестік пен ауылды кешенді дамыту үлгісін көрсетіп отырған елді мекендердің бірі ретінде атап өтілді.