
Қостанай облысында заманауи технологиялармен жабдықталған ірі жиһаз өндірісі іске қосылды. Жоба өңірдің өнеркәсіптік әлеуетін арттырып, жаңа жұмыс орындарын құруға және отандық өндірісті дамытуға мүмкіндік береді.
Жаңа кәсіпорын сериялық корпус жиһазы мен МДФ-қасбеттерін өндіруге маманданған. Өндірістік және қойма алаңдарының жалпы көлемі 12 мың шаршы метрден асады. Кәсіпорында 120 адам жұмыс істейді.
Өндіріс мемлекеттік қолдау шараларының арқасында жүзеге асырылды. Заманауи автоматтандырылған желілермен жабдықталған кәсіпорын бүгінде Қазақстандағы ірі жиһаз өндірушілерінің қатарына кіреді.
2025 жылы облыстың жиһаз өнеркәсібі шамамен 5 млрд теңгенің өнімін өндірсе, 2026 жылдың бірінші тоқсанында өндіріс көлемі 1,4 млрд теңгені құрап, өткен жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 50,6 пайызға өсті.
Алдағы уақытта өндіріс көлемі мен жеткізу географиясын кеңейту жоспарланып отыр.