Аймақ басшысы Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен 2026 жылдың қаңтар-сәуір айларындағы өңірдің әлеуметтік-экономикалық даму қорытындылары және жыл соңына дейінгі міндеттері тақырыбына арналған облыс әкімдігінің отырысы өтті.
2026 жылдың алғашқы төрт айының қорытындысы бойынша облыс экономикасының барлық базалық салаларында оң нәтижелерге қол жеткізілді.
«Жүк және жолаушылар тасымалының көлемі 11,1%-ға, сауда көлемі 8,5%-ға, құрылыс жұмыстары 4,8%-ға, өнеркәсіп өндірісі 2,5%-ға, ауыл шаруашылығы 2,4%-ға, инвестициялар көлемі 1,2%-ға өсті. Оның ішінде жеке инвестициялар 10,6%-ға артты. Тұрғын үйді пайдалануға беру көлемі өткен жылдың деңгейінде сақталды», – деді облыс әкімі Құмар Ақсақалов.
Өңдеу өнеркәсібі секторындағы зауыттар мен фабрикалар тұрақты жұмыс істеуде. Аталған саладағы өндіріс көлемі 2025 жылдың сәйкес кезеңімен салыстырғанда 7,9%-ға ұлғайды.
Көктемгі егіс жұмыстарын жеңілдетілген несиелеу аясында облыс бойынша 173 млрд теңге бөлінеді. Бұл өткен жылғы көрсеткіштен 1,4 есе жоғары.
Облыстың ауыл шаруашылығы құрылымдары «Кең Дала 2» бағдарламасы бойынша 86,5 млрд теңге көлемінде жеңілдетілген несие алды. Өткен жылмен салыстырғанда қаржыландыру көлемі 1,5 есе артты.
Азық-түлік корпорациясының форвардтық сатып алу бағдарламасы бойынша 16 млрд теңге бөлінді. Бұл өткен жылғы деңгейден 3 есе көп.
«Аграрлық сала өкілдері өткен аптада жауған мол жауын-шашынға ерекше қуанышты. Денисов ауданындағы «Фрунзенское» ЖШС аумағында 60 мм, Федоров ауданындағы «Гранд» ЖШС-де 44 мм, Ұзынкөл ауданындағы «Олжа Ряжское» ЖШС-де 20 мм, ал Қамысты ауданындағы «ПКФ «Қайрат» ЖШС-де 15 мм жауын-шашын түсті. Түскен ылғал қоры алдағы бірнеше аптаға жеткілікті болады деп күтілуде», – деді аймақ басшысы.
Ветеринариялық қызметтердің жұмысы күшейтілді. Биыл бұл мақсатқа мемлекеттен 5,6 млрд теңге бөлінді. Оның есебінен 122 ветеринариялық пункт пен 78 мал қорымы салынады.
Сонымен қатар, биыл облыстың 16 қаласы мен ауданында 1034 пәтер сатып алынып, әлеуметтік жағынан осал санаттағы кезекте тұрған азаматтарға беріледі. Бұл мақсатқа 18 млрд теңгеден астам қаражат бөлінді.
Өткен жылы 10,4 млрд теңгеге 548 пәтер берілген болатын. Көрсеткіш шамамен екі есеге өсті.