
Қостанай облысында цифрлық инфрақұрылымды дамыту және тұрғындарды сапалы байланыс қызметімен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жалғасуда. Жыл басында облыс әкімдігі мен Tele2/Altel байланыс операторы – «Мобайл Телеком-Сервис» ЖШС арасында өңірдегі интернет сапасын жақсарту жөніндегі ынтымақтастық туралы меморандумға қол қойылған болатын.
Құжат аясында компания жыл соңына дейін облыс аумағында 60-тан астам жаңа базалық станция орнатуды жоспарлап отыр. Жоба аудан орталықтары, моноқалалар мен шалғай елді мекендерде мобильді байланыс пен интернет сапасын арттыруға бағытталған.
Меморандум шеңберіндегі алғашқы нысандар Лисаков және Рудный қалаларында іске қосылды. Жаңа базалық станциялар тұрғындарды тұрақты байланыспен қамтамасыз етіп, мобильді интернеттің жылдамдығын арттыруға мүмкіндік береді.
Лисаков қаласында қазіргі қолданыстағы желіні күшейту мақсатында қосымша алты базалық станция орнату көзделген. Жобаның алғашқы кезеңінде екі станция пайдалануға берілді. Жаңа нысандар қала аумағындағы, оның ішінде саяжай массивтеріндегі байланыс сапасын жақсартуға мүмкіндік береді.
Сонымен қатар қалада талшықты-оптикалық байланыс желілерін дамыту, бейнебақылау жүйелерін кеңейту және цифрлық технологияларды енгізу бағытындағы жұмыстар жүргізілуде.
Рудный қаласында да телекоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту жалғасып жатыр. Қалада жұмыс істеп тұрған 37 базалық станцияға қосымша тағы 14 нысан салу жоспарланған. Оның алғашқысы пайдалануға берілді. Бұл жаңа тұрғын аудандарды, өндірістік аймақтарды және байланыс сапасы төмен учаскелерді сапалы мобильді интернетпен қамтуға мүмкіндік береді.
Жоба аясында өңірде 4G және 5G технологияларын кезең-кезеңімен енгізу көзделген. Сондай-ақ базалық станциялар орнату барысында инженерлік инфрақұрылымды дамытуға, көшелерді жарықтандыру мен бейнебақылау жүйелерін орналастыруға қосымша мүмкіндік жасалады.
Байланыс операторының мәліметінше, жаңа нысандарды іске қосу өңір тұрғындарының интернетке қолжетімділігін арттырып, желіге түсетін жүктемені азайтуға және мобильді байланыстың тұрақтылығын қамтамасыз етуге ықпал етеді.
Осылайша Қостанай облысында цифрландыруды дамыту, телекоммуникациялық инфрақұрылымды жаңғырту және халықтың өмір сүру сапасын арттыру бағытындағы жүйелі жұмыстар жалғасуда.