
Қостанай облысында тұрғын үй құрылысы қарқынды дамып келеді. Соңғы жылдары бұл салаға бөлінетін қаржы көлемі айтарлықтай артып, нәтижесінде мыңдаған отбасы жаңа баспанаға қол жеткізді. Өңірде тұрғын үймен қамтамасыз ету бағытындағы жұмыстар жүйелі түрде жалғасуда.
Мемлекеттік қолдаудың арқасында тұрғын үй құрылысына бөлінетін қаржы көлемі жыл сайын ұлғайып келеді. Мәселен, 2022 жылы бұл мақсатқа 19,1 млрд теңге бөлінсе, 2025 жылы қаржыландыру көлемі 49,3 млрд теңгеге дейін жеткен. Соның нәтижесінде тұрғын үй салу көлемі жоспардан асыра орындалып, кейінгі үш жылда шамамен 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. Осы кезеңде өңірде 251 көпқабатты тұрғын үй мен 1809 жеке тұрғын үй салынып, 14 729 отбасы баспаналы болды.
Тұрғын үй құрылысы ауылдық елді мекендерде де қарқын алған. Өткен жылы облыста 517,4 мың шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілсе, оның 63,7 мың шаршы метрі ауылдық жерлердің үлесінде. Нәтижесінде 5,4 мыңнан астам отбасы жаңа қонысқа ие болды.
Халық үшін баспананың қолжетімділігін арттыру мақсатында әлеуметтік тұрғын үй құрылысы мен жеңілдетілген ипотекалық бағдарламалар жүзеге асырылуда. Соңғы үш жыл ішінде өңірде 1,7 мың әлеуметтік пәтер пайдалануға беріліп, тұрғындарға табысталды.
Аудан-қалалардағы тұрғын үй құрылысының орындалу барысы да тұрақты бақылауда. Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Денисов, Қостанай және Қамысты аудандары тұрғын үй салу жоспарының 50 пайызын орындаған. Ал Жітіқара, Науырзым, Сарыкөл және Ұзынкөл аудандарында бұл бағыттағы жұмыстардың қарқынын күшейту қажеттігі байқалады.
Сонымен қатар, өңірде иесіз қалған тұрғын үйлерді қалпына келтіру жұмыстары жалғасуда. Соңғы үш жыл ішінде 56 тұрғын үй қайта жаңғыртылып, пайдалануға берілді. Оның 30-ы көпқабатты тұрғын үй. Бұл бағытта Рудный қаласында 11 үй, Арқалық қаласында 3 үй, сондай-ақ Денисов және Қамысты аудандарында бірнеше нысан қайта қолданысқа енгізілді.
Алдағы уақытта өңірде тұрғын үй құрылысын одан әрі дамыту, әлеуметтік осал топтарды баспанамен қамту және қала құрылысы жобаларын сапалы іске асыру жұмыстары жалғасады. Бұл тұрғындардың өмір сапасын жақсартып, өңірдің әлеуметтік тұрақтылығын нығайтуға бағытталған маңызды міндеттердің бірі болып қала береді.