
Әулиекөл ауданы Диев ауылының 2 мыңға жуық тұрғыны табиғи газ желісіне қосылу мүмкіндігіне ие болды.
Аудан орталығындағы автоматтандырылған газ тарату станциясынан Диев ауылына дейінгі газ құбырын тарту жобасы 2024 жылдың тамыз айынан 2025 жылдың қазан айына дейін жүзеге асырылды.
«Бүгін Диев тұрғындары үшін маңызды күн. Біз үйлерге көгілдір отын беріп отырмыз. Бұл тек инфрақұрылымдық жоба ғана емес, адамдардың өмір сапасын жақсартуға жасалған үлкен қадам», – деді салтанатты рәсімде Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақалов.
Құрылыс жұмыстарының жалпы сметалық құны жергілікті бюджет есебінен 2 млрд теңгені құрады. Жалпы ұзындығы 56,3 шақырым газ құбыры салынды.
Газ қысымын жоғары деңгейден төмен деңгейге түсіру үшін төрт блокты газ реттеу пункті орнатылды.
Елді мекенге көгілдір отын тарату аясында Диев ауылындағы газ тарату желілерін салу жобасы да жүзеге асырылып, ол 2025 жылдың қазан айында аяқталды.
Газ тарату желілерін салу жобасының жалпы сметалық құны 535,625 млн теңгені құрады. 17,4 шақырым газ құбыры тартылды.
«Ауыл ақсақалдары атынан және өз атымнан Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Кемелұлы Тоқаевқа, облыс басшылығына және осы ауқымды жобаны жүзеге асырған барлық мамандарға шынайы алғысымды білдіремін. Осындай қамқорлықтың нәтижесін көру – үлкен қуаныш. Табиғи газ келіп, әр шаңырақта жылу мен береке орнасын», – деді ауыл ақсақалы Қабыл Құсайынов.
Осылайша, аудандағы газдандыру деңгейі 51,8%-ға дейін өсіп отыр.
Қазіргі таңда ауданда тағы 3 жоба іске асырылу және әзірлеу сатысында. Олар: Құсмұрын (бірінші кезек), Новонежин және Тимофеев ауылдарындағы газ тарату желілерінің құрылысы.
Қостанай облысындағы 501 елді мекеннің 87-сі табиғи газбен қамтамасыз етілген.
Облыстағы газ құбырларының жалпы ұзындығы 5,1 мың шақырымды құрайды. Оның 4,3 мың шақырымы – тарату желілері, ал 819,7 шақырымы – магистральдық газ құбырлары.
Соңғы үш жылда (2023–2025 жылдары) шамамен 8 мың адам газ желісіне қосылу мүмкіндігіне ие болды. 2025 жылы облыстың газдандыру деңгейі 60,4%-ға жетті.
Диев ауылындағы жобаның жүзеге асуы тұрғындардың әлеуметтік-экономикалық және экологиялық жағдайын жақсартуға оң әсерін тигізіп, тұрғын үй құрылысы мен ауыл шаруашылығы өнімдерін өңдейтін кәсіпорындардың дамуына ықпал етеді.