Биыл облыста 520 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған

Биыл облыста 520 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған

Қостанай облысының әкімі Құмар Ақсақаловтың төрағалығымен тұрғын үй құрылысын дамыту және облыс елді мекендерінің сәулеттік келбеті тақырыбында аймақ әкімдігінің отырысы өтті.

Тұрғын үй саясаты – халықтың өмір сапасын арттыруға бағытталған мемлекеттің негізгі стратегиялық бағыттарының бірі. Президент атап өткендей, пайдалануға берілетін баспананың көлеміне ғана емес, оның қолжетімді әрі сапалы болуына назар аудару қажет.

Аймақта тұрғын үй салуға тек мемлекеттік бюджеттен 2022 жылы 19,1 млрд бөлінсе, 2025 жылы 49,3 млрд теңге бөлінді, бұл 2,6 есе көп.  Жыл сайын тұрғын үй салу көлемін жоспардан асырып орындап келеміз. Нәтижесінде, соңғы 3 жылда шамамен 1,5 млн шаршы метр тұрғын үй пайдалануға берілді. 251 көпқабатты үй және 1809 жеке үй салынды. 14 мың 729 отбасы баспана жағдайын жақсартты.

«Заманауи, сапалы баспана ауылдық елді мекендерде де салынуда. Өткен жылы 517,4 мың шаршы метр тұрғын үй салынды, оның 63,7 мың шаршы метрі ауылдық жерлерде. Жалпы алғанда 5,4 мыңнан астам отбасы баспанамен қамтамасыз етілді. Баспана қолжетімді болу үшін әлеуметтік тұрғын үй салынады және жеңілдетілген ипотекалық несиелер беріледі. 3 жыл ішінде 1,7 мың әлеуметтік пәтер тапсырылды. Бұл жұмысты одан әрі жалғастырамыз», – деді аймақ басшысы.

Жастарды баспанамен қамтамасыз ету мақсатында облыстың барлық өңірінде «Қостанай жастары» бағдарламасы жұмыс істейді. 3 жыл ішінде бағдардарламаны қаржыландыруға шамамен 6 млрд теңге бөлінді. Нәтижесінде, 400-ден астам жас отбасы өз баспанасына ие болды. Биыл тағы 750 млн теңге қаражат бөлінді. Ал биыл облыста 520 мың шаршы метр тұрғын үй салу жоспарланған.

Биылғы жылдың бірінші тоқсанының қорытындысы бойынша Денисов ауданында (жылдық жоспардың 96%-ы немесе 2,8 мың шаршы метр), Қостанай ауданында (67,6% немесе 46,6 мың шаршы метр) және Қамысты ауданында (50,1% немесе 2,1 мың шаршы метр) тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарының орындалуы 50%-дан асты.

«Мен бұдан 3 жыл бұрын бос тұрған үйлерді қалпына келтіру бойынша тапсырма берген едім. Бұл да тұрғындарды баспанамен қамтамасыз етудің бір мүмкіндігі. Осы мақсатта облыстық бюджеттен нысаналы түрде қаражат бөлінді. Үш жыл ішінде облыста 56 тұрғын үй қалпына келтірілді, оның ішінде 30-ы көпқабатты үйлер. Мысалы, Рудный қаласында – 11 үй, Арқалықта – 3 үй, Денисов және Қамысты аудандарында 2 үйден қалпына келтірілді».

«Елді мекендердің сәулеттік келбеті де ерекше назарды талап етеді. Сәулеттік келбет пен абаттандыруға қойылатын талаптар барлық жерде – қалаларда да, аудандарда да сақталуы тиіс. Біздің міндетіміз тек ғимараттар салу ғана емес, сонымен қатар тұрғындар үшін сапалы, заманауи орта құру. Барлық шешімдердің нәтижесі – тұрғындардың ыңғайлығы мен қауіпсіздігі болуы керек», – деді Құмар Ақсақалов.

Аймақ басшысы қалалар мен аудандардың әкімдеріне құрылыс басқармасымен бірлесіп, тұрғын үйді пайдалануға беру жоспарын орындауды, халықтың әлеуметтік осал топтары үшін жоспарланған мөлшерде тұрғын үй сатып алуды, қала құрылысы жобаларын уақтылы және сапалы әзірлеуді және түзетуді тапсырды.