Тобыл жағалауы тазартылды: Қостанайда дәстүрлі плоггинг өтті

Тобыл жағалауы тазартылды: Қостанайда дәстүрлі плоггинг өтті

Қостанай қаласында Тобыл өзенінің жағалауында кезекті экологиялық акция — плоггинг ұйымдастырылды. Іс-шараны Run in Joy жүгіру қауымдастығы өткізді. Қауымдастық жетекшілері — Дмитрий Каптёл мен Анна Блюм.

Плоггинг — жүгіру мен қоршаған ортаны тазартуды ұштастыратын заманауи экологиялық бастама. Акция Тобыл өзені бойында «Ақ Шаңырақ» мейрамханасынан Гагарин бөгетіне дейінгі аумақта өтті. Іс-шараның негізгі мақсаты — тұрғындардың экологиялық мәдениетін арттыру және салауатты өмір салтын насихаттау.

Шараға қатысушылар арнайы қолғап пен қаптар алып, белгіленген бағыт бойынша жүгіре отырып, жағалау бойындағы тұрмыстық қалдықтарды жинады. Сонымен қатар, кейбір белсенділер сапбордтарды пайдаланып, өзен ішіндегі қоқысты да тазартты. Қостанай қаласының тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық бөлімі тарапынан экоактивистерге екі трактор мен қажетті құрал-жабдықтар бөлінді.

Айта кету керек, плоггинг өткізілген аумақ кездейсоқ таңдалмаған. Бұл — қала тұрғындары жиі жаттығу жасайтын және спорттық іс-шаралар өтетін орындардың бірі. Аталған бағытта дәстүрлі «Самопревосхождение» трейл-марафоны ұйымдастырылады, оның бағыты Ыбырай Алтынсарин кесенесі маңынан бастау алады.

Бірнеше сағаттың ішінде акцияға қатысушылар 100-ден астам қап қоқыс жинады. Жалпы, экологиялық бастамаға 40-тан астам адам қатысты. Олардың қатарында студенттер, «морждар» қауымдастығының мүшелері, жүгіру клубтарының өкілдері және белсенді қала тұрғындары бар.

Қостанайда плоггинг акциялары 2019 жылдан бері тұрақты түрде өткізіліп келеді және жыл сайын оған қатысушылар саны артып келеді.