
Ахмет Байтұрсынұлы атындағы Қостанай өңірлік университеті базасында студенттер құрастырған алғашқы жарыс болиду салтанатты түрде таныстырылды. Ғылым күні қарсаңында өткен іс-шарада ақ матамен жабылған бірегей көлік көпшілік назарына ұсынылып, қатысушылардың ерекше қызығушылығын тудырды.
Жоба университет жанындағы Озық машина жасау орталығында жүзеге асырылған. Болидтің басты ерекшелігі – оның әрбір бөлшегі студенттердің өз қолымен нөлден бастап жасалған. Жас инженерлер идеяны әзірлеуден бастап, техникалық есептеулер жүргізу, жобалау, құрастыру және сынақтан өткізу кезеңдерінің барлығын дербес орындаған.
Мамандардың айтуынша, бұл – жай ғана оқу үдерісінің бөлігі емес, толыққанды инженерлік жоба. Мұндай деңгейде әзірленген студенттік жарыс көліктері елімізде сирек кездеседі және отандық техникалық білім берудің әлеуетін көрсетеді.
Жобаның тағы бір маңызды қыры – студенттің бір мезетте әрі жүргізуші, әрі инженер ретінде жауапкершілік алуы. Бұл тәсіл болашақ мамандардың тәжірибелік дағдыларын арттырып, нақты өндірістік міндеттерді шешуге дайындығын күшейтеді.
Аталған бастама өңірдегі инженерлік білім мен ғылымды дамытуға бағытталған жұмыстардың нақты нәтижесі болып табылады және жас мамандардың шығармашылық әрі техникалық әлеуетін айқын көрсетеді.